Үндістан қалаларындағы қазақстандық кино көрсетілімдері туралы

Үндістан қалаларындағы қазақстандық кино көрсетілімдері туралы

Нью-Дели, 2022 жылғы 12 желтоқсан – Қазақстан мен Үндістан арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығын мерекелеуге арналған салтанатты іс-шаралар аясында ағымдағы жылдың 8 желтоқсанында Үндістанның «Marwah Studios Complex» танымал ойын-сауық индустриясы орталығында (Нойда қаласы, Уттар-Прадеш штаты) режиссері Нұргелді Садығұловтың «Балуан Шолақ» көркем фильмінің кино көрсетілімі өтті.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Елшілігі мен «Marwah Studios Complex» компаниясымен бірлесіп, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ қолдауымен ұйымдастырды.

Қазақстан-Үндістан кино және мәдениет форумы 300-ден астам көрерменді жинап, олардың қатарына дипломатиялық корпус өкілдері, Үндістан кинематографиясының өнер қайраткерлері, жас және жаңадан бастаған кинематографистер, сондай-ақ біздің отандастарымыз қатысты.

Іс-шара барысында форум қонақтары арасында Абай Құнанбайұлының хинди тіліне аударылған «Қара сөздер» туындысы, сондай-ақ Қазақстан туралы ақпараттық материалдар таратылды.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 10 желтоқсанында Хайдарабад қаласында (Телангана штаты) белгілі қазақстандық режиссер Ақан Сатаевтың қазақ халқының жоңғарлармен қарсы азаттық соғысы туралы баяндайтын «Жаужүрек мың бала» картинасы көрсетілді.

Ашылу салтанатына ҚР Үндістандағы Елшілігінің, шетелдік консулдық корпустың, өңірдің іскер топтарының, сондай-ақ қаланың жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.