«Орталық Азия – Үндістан» форматындағы Ұлттық қауіпсіздік хатшылары/кеңесшілерінің 1-ші кездесуіне қатысу туралы

«Орталық Азия – Үндістан» форматындағы Ұлттық қауіпсіздік хатшылары/кеңесшілерінің 1-ші кездесуіне қатысу туралы

2022 жылғы 6 желтоқсан, Нью-Дели – Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов бастаған қазақстандық делегация «Орталық Азия – Үндістан» форматындағы Ұлттық қауіпсіздік хатшылары/кеңесшілерінің 1-ші кездесуіне қатысты.

Форумда сөйлеген сөзінде Ғ.Нұрдәулетов Қазақстан басшылығының халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті нығайту бойынша халықаралық аренада қабылдап жатқан шараларымен және біздің еліміздің жаһандық тұрақтылықты нығайту жөніндегі міндеттемелерге берік ұстанымымен, оның ішінде АӨСШК аясындағы түрлі бастамалармен таныстырды. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Орталық Азия елдері мен Үндістан арасында өңіраралық көлік-логистикалық консорциум құру туралы ұсынысының өзектілігі тағы да расталды. Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға практикалық көмек көрсету тұрғысында Ғ.Нұрдәулетов Алматыда орналасқан БҰҰ-ның логистикалық гуманитарлық хабының әлеуетін пайдаланудың өзектілігін атап өтті.

Іс-шараның нәтижесінде Қазақстан, Үндістан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан делегациялары халықаралық терроризмге қарсы күресте күш-жігерді біріктірудің, қауіптер мен сын-қатерлердің жаңа түрлеріне бірлесе қарсы тұрудың маңыздылығы мен өзектілігі, сондай-ақ сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту, Ауғанстанды тұрақтандыру және т.б мәселелерді қамтитын Бірлескен коммюнике қабылдады. Сонымен қатар, Қазақстанның аурулар мен биологиялық қауіпсіздікті бақылау жөніндегі өңірлік орталықтар желісін құру бастамасы аталып өтті.

Сапар барысында Ғ.Нұрдәулетов үндістандық әріптесі А.Довалмен екіжақты кездесу өткізіп, тараптар екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің маңызды тақырыптары бойынша пікір алмасты.