14-ші Нойда Жаһандық кинофестивалі аясындағы Қазақстандық-Үндістан кино және мәдениеті форумы туралы

14-ші Нойда Жаһандық кинофестивалі аясындағы Қазақстандық-Үндістан кино және мәдениеті форумы туралы

Нью-Дели, 2021 жылғы 3 желтоқсан – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін мерекелеу аясында ү.ж. 2 желтоқсанда Үндістанның танымал ойын-сауық индустриясының орталығы – Нойда қаласындағы «Marwah Studios Complex» орталығында Қазақстан-Үндістан кино және мәдениеті форумы өтті.

 Іс-шара 14-ші Нойда Жаһандық кинофестивалі аясында Үндістанның халықаралық медиа және ойын-сауықтыру индустриясы палатасы (ICMEI) мен Қазақстан Республикасының Үндістандағы Елшілігінің қолдауымен өтті.

Жаһандық кинофестивальдің жұмысын қазақстандық режиссер Ақан Сатаевтың қазақ-жоңғар соғысы кезіндегі азаттық пен тәуелсіздік үшін күресті баяндайтын «Жаужүрек мың бала» тарихи фильмі ашты.

Қазақстан-Үндістан кино және мәдениеті форумына 200-ден астам көрермен, оның ішінде дипломатиялық корпустың 15-ке жуық басшылары мен қызметкерлері, үнді кинематографиясының көрнекті қайраткерлері, Болливуд жұлдыздары (Дэйзи Шах/Daisy Shah, Приянка Тивари/Priyanka Tiwari, Рагхубир Ядав/Raghubir Yadav, Сима Шех/Syma Shekh, Дилип Сен Dilip Sen, Арун Бакши/Aroon Bakshi және т.б.) жас режиссерлер мен қазақстандық жерлестеріміз қатысты.

Форумының ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстанның Үндістандағы Елшісі Н.Жалғасбаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан Тәуелсіздігінің қалыптасуына қосқан зор үлесін және тәуелсіздіктің 30 жыл ішінде қол жеткізілген басты жетістіктерін, сонымен қатар Қазақстан мен Үндістан арасындағы дипломатиялық жемісті қарым-қатынастары мен оның перспективаларына ерекше назар аударды.

Өз кезегінде «Marwah Studios Complex» басшысы, Азиялық кино және телевизия академиясының (AAFT) ректоры Сандип Марва Нойда қаласында өтіп жатқан Қазақстан-Үндістан кино және мәдениеті форумы екі ел арасындағы қарым-қатынастардың жақсы көрінісі екенін атап, 14-ші Нойда Жаһандық кинофестиваліне қолдау көрсеткені үшін Қазақстанның дипломатиялық миссиясына алғысын білдірді.

Шара барысында Форум қонақтарына Абайдың хинди тіліне аударылған «Қара сөздері» кітаптары, сондай-ақ Елшіліктің ақпараттық-имидждік материалдары таратылды.