Қазақстан Үндістанның шығыс өңірімен іскерлік байланыстарын нығайтуда

Қазақстан Үндістанның шығыс өңірімен іскерлік байланыстарын нығайтуда

Калькутта, 2026 жылғы 28–29 шілде – Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Елшісі Азамат Есқараев Калькутта қаласына (Батыс Бенгалия штаты) сапармен барып, оның аясында штат басшылығымен, өңірдің іскер топтарының өкілдерімен және жетекші бизнес қауымдастықтарымен бірқатар кездесулер өткізді.

Атап айтқанда, сапар барысында Елші Батыс Бенгалия штатының Губернаторы Равиндра Нараяна Равимен кездесті. Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, білім беру және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-үнді ынтымақтастығын кеңейту перспективаларын, сондай-ақ Қазақстан мен аталған штат арасындағы өңіраралық байланыстарды дамыту мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар, А.Есқараев «Khobong Tea Estate» (шай өндірісі), «Ambuja Neotia» (денсаулық сақтау, жылжымайтын мүлік, қонақ үй бизнесі және білім беру), «Delta» (минералдық шикізат және тоқыма өнеркәсібі), «Mortex Group» (ферроқорытпа өндірісі), «JC Group» (тері өнеркәсібі) және басқа да өңірдің жетекші жеке компанияларының басшыларымен бірқатар келіссөздер өткізді. Талқылаулар барысында үнді өнімдерінің Қазақстан нарығына экспортын нығайту және Қазақстан аумағында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктері қарастырылды.

Сапар шеңберінде Қазақстан дипмиссиясының басшысы, сондай-ақ, Merchants' Chamber of Commerce & Industry (MCCI) Сауда-өнеркәсіп палатасы ұйымдастырған интерактивті сессияға қатысып, Қазақстанның инвестициялық және туристік әлеуетін таныстырды. Іс-шара барысында Қазақстанда бизнес жүргізу мүмкіндіктері бойынша презентация жасалып, еліміздің туристік әлеуеті туралы бейнематериалдар көрсетілді, сондай-ақ Палата мүшелерімен екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша мазмұнды пікір алмасу өтті.

А.Есқараев Қазақстан Республикасының Үндістандағы Елшілігі қазақстандық нарыққа шығуға мүдделі үнді компанияларына жан-жақты қолдау көрсетуге, оның ішінде консультациялық көмек көрсетуге, мемлекеттік органдармен байланыс орнатуға және инвестициялық бастамаларды сүйемелдеуге дайын екенін растады.

Анықтама: Батыс Бенгалия – Үндістанның жетекші штаттардың бірі. Бенгал шығанағына шығатын, өнеркәсіп, қызмет көрсету және логистика салалары жоғары дамыған ірі өңір болып табылады. Халқы шамамен 100,6 млн адамды құрайды. Қолданыстағы бюджеттік циклге сәйкес штаттың жалпы өңірлік өнімі (ЖӨӨ) шамамен 254 млрд АҚШ долларын құрайды. ЖӨӨ өсімі ағымдағы бағамен 12,0% (номиналды өсім), ал тұрақты бағамен 7,62% (нақты өсім) деңгейінде тіркеліп, Үндістан бойынша орташа көрсеткіштен жоғары болды. Жалпы өңірлік өнім көлемі бойынша Батыс Бенгалия Үндістан штаттары арасында тұрақты түрде 6-орында келеді.