Қазақстанға сапары аясында Джавахарлал Неру университетінің (Үндістан) профессоры Ахлак Ахмад Ахан AlmaU және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басшылығымен және өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.
Келіссөздер барысында тараптар академиялық және ғылыми ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылап, Қазақстан тарихы мен Ұлы дала халықтарына қатысты қолжазбалар, архивтік материалдар және тарихи дереккөздерді бірлесіп зерттеуге ерекше назар аударды. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары ретінде пәнаралық зерттеулерді дамыту, ғылыми тәжірибе алмасу, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру және оқытушылар мен зерттеушілердің академиялық ұтқырлығын кеңейту мәселелері айқындалды.
Кездесулер Қазақстан мен Үндістан арасындағы серіктестікті нығайтуға, гуманитарлық ғылымдарды дамытуға және ортақ тарихи-мәдени мұраны зерттеуге екі университеттің де өзара мүдделі екенін көрсетті.
Екі ел арасындағы академиялық ынтымақтастық халықаралық зерттеулерді дамытуға, білім және тәжірибе алмасуға, сондай-ақ жас ғалымдардың жаңа буынын даярлауға тың мүмкіндіктер ашуда.