Қазақстан мен Үндістан саяси диалогты тереңдетуге және консулдық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

Қазақстан мен Үндістан саяси диалогты тереңдетуге және консулдық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

Нью-Дели, 2026 жылғы 10 ақпан - Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Елшісі Азамат Есқараев Үндістан Сыртқы істер министрлік департаменттің Бас директоры доктор Биной Джорджпен кездесті.

Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ сыртқы саяси ведомстволар арасындағы диалогты одан әрі дамыту перспективаларын жан-жақты талқылады.

Кездесулер барысында қазақ дипломаты үнді тарапын Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси және институционалдық жаңғырудың негізгі бағыттары жөнінде ақпарат берді. Әсіресе конституциялық реформалардың мазмұны мен маңызына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, мемлекеттік билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайту, Президент өкілеттіктерін шектеу, Парламенттің рөлін күшейту, жергілікті өкілді органдардың құзыреттерін кеңейту, сот жүйесінің тәуелсіздігін арттыру және адам құқықтарын қорғаудың институционалдық тетіктерін бекіту жөніндегі шаралар атап өтілді. Сонымен қатар мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында вице-президент институтын енгізу қарастырылғаны айтылды.

Бұл өзгерістердің барлығы азаматтардың құқықтары мен әлеуметтік қорғалуын күшейтуге, мемлекеттік шешімдердің ашықтығы мен есептілігін арттыруға бағытталғаны атап өтілді. Реформалардың дәйекті іске асырылуы елдің халықаралық беделін нығайтып, сенімді әріптес ретіндегі мәртебесін арттырып, шетелдік серіктестермен, соның ішінде Үндістанмен, өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге қосымша мүмкіндіктер ашады.

Тараптар консулдық саладағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы ынтымақтастықты талқылады. Үндістан тарапы практикалық байланыстарды одан әрі тереңдетуге мүдделілік білдіріп, консулдық консультациялар өткізуді қарастыруға дайын екенін жеткізді.

Кездесу сындарлы әрі достық ахуалда өтіп, екі ел арасындағы серіктестікті нығайтуға деген өзара ұмтылысты растады. Тараптар тұрақты байланыстарды жалғастырып, өзара қызығушылық тудыратын бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге келісті.