Нью-Дели, 2025 жылғы 10 қазан - Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Елшісі Азамат Есқараев Үндістан Сыртқы істер министрлігінің орынбасары Сиби Джорджбен кездесу өткізді.
Елші А. Есқараев С. Джорджді жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтап, Қазақстан мен Үндістан арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы ақпарат берді. Ол саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және білім беру салаларындағы өзара іс-қимылдың оң серпінін атап өтті.
Қазақ дипломаты инвестициялық бағыттағы жұмысты жандандырудың және екіжақты сауда айналымын 3 млрд. АҚШ долларына дейін жеткізу жөніндегі бұрын белгіленген мақсатқа қол жеткізудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Осыған орай тараптар импорт пен экспорт көлемін кеңейту, сауда номенклатурасын әртараптандыру, сондай-ақ үнді компанияларының Қазақстандағы ірі инвестициялық жобаларға қатысу мүмкіндіктерін талқылады.
Дипломаттар гуманитарлық байланыстарды (people-to-people) нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Туристік алмасуларды ұлғайту, білім беру бағдарламаларын дамыту және іскерлік сапарлар мен мәдени өзара іс-қимыл үшін қолайлы жағдай жасау шаралары қарастырылды.
Алдағы екіжақты іс-шараларға дайындық аясында тараптар күн тәртібін практикалық мазмұнмен толықтырудың қажеттілігін атап өтті. Осыған байланысты С. Джордж Сыртқы істер министрліктері арасындағы консультацияларды жеделдетуге дайын екенін білдірді. Аталған консультациялар жоғары деңгейдегі диалогты тереңдетуге бағытталған нақты қадамдармен жалғасады деп күтілуде.
Сонымен бірге тараптар қазіргі өңірлік және жаһандық жағдай ынтымақтастықты кеңейту және маңызды мәселелер бойынша ұстанымдарды үйлестіру үшін қосымша мүмкіндіктер туғызатынын атап өтті. Осы тұрғыда тараптар алдағы «Орталық Азия – Үндістан» мемлекет басшылары Саммитінің перспективалары бойынша пікір алмасты. Бұл саммит екіжақты бастамаларды ілгерілетудің және Қазақстан мен Үндістан арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызды алаңына айналмақ.
Кездесу қорытындысы бойынша дипломаттар тұрақты байланыстарды қолдау және өзара қызығушылық тудыратын салалардағы бірлескен бастамаларды одан әрі ілгерілету туралы уағдаластыққа қол жеткізді.