Нью-Дели, 2025 жылғы 24 маусым – Қазақстан Республикасының Үндістандағы Елшісі Азамат Есқараев Қазақстандағы Үндістан Республикасының жаңадан тағайындалған Елшісі Сайлас Тангалды қабылдады.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Үндістан арасындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.
Әңгіме барысында Үндістан инвестицияларын Қазақстан экономикасына тарту, іскерлік байланыстарды кеңейту, сондай-ақ екі ел арасындағы мәдени және білім беру байланыстарын нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар жоғары деңгейдегі саяси диалогты атап өтіп, өзара мүдделі нақты жобаларды бірлесе іске асыруға дайын екендіктерін білдірді.
Сонымен қатар, кездесу барысында Үндістан Елшісі Астана мен Нью-Делиде елшілік ғимараттарын салу үшін жер телімдерін паритеттік негізде бөлу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Тараптар бұл мәселені өздерінің сыртқы саяси ведомстволары және мүдделі мемлекеттік органдар арқылы пысықтауға уағдаласты.
Кездесу соңында Қазақстан Елшісі үндістандық әріптесін Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының басталуымен құттықтап, екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту жолындағы қызметіне сәттілік тіледі.