Оңтүстік Синай Қазақстан өңірлерімен жақындасуға мүдделі

Оңтүстік Синай Қазақстан өңірлерімен жақындасуға мүдделі

Каир, 2025 жылғы 17 сәуір – Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Асқар Жеңіс Шарм аш-Шейх қаласында Оңтүстік Синайдың губернаторы Халед Мүбәрак Хусейн Бакримен кездесті.

Х. Бакри қазақ дипломатын Шарм аш-Шейхте қарсы алуына қуанышын білдіріп, Оңтүстік Синаймен Қазақстан өңірлері арасындағы қарым-қатынастарды дамытуға қызығушылығы мол екенін жеткізді. Сондай-ақ, губернатор Қазақстаннан келетін туристердің санының артып жатқаны Мысыр үшін қуантарлықтай жайт және ел экономикасы үшін өте маңызды екенін атап өтті. Ол әрі қарай да қазақстандық серіктестер үшін жоғары деңгейдегі туристік саладағы қызметтерді көрсетуге дайындығын сендіре отырып, Шарм аш-Шейхтегі және жалпы өңірдегі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қазақстандық кәсіпкерлерді шақырды.

А. Жеңіс губернатордың ұсыныстарымен келісе отырып, бүгінгі таңда елімізде туризм секторын дамытуға үлкен назар аударылуда екенін жеткізді. Сондай-ақ, аталған салада тәжірибе алмасу мүмкіндігін зерделеуге шақырды және ол үшін Қазақстанның туристік әлеуеті мол өңірі мен Оңтүстік Синай арасында бауырластық қатынастарды дамытуды ұсынды.

Сонымен қатар, кездесу барысында Қазақстан азаматтарының Шарм аш-Шейхте қауіпсіз әрі жайлы демалу мәселесі жан-жақты талқыланды.

Елші Шарм аш-Шейх қаласына іс-сапары аясында Оңтүстік Синай өңірінің басқа да лауазымды тұлғаларымен кездесулер өткізіп, екі тараптың қызығушылығына ие мәселелер бойынша пікір алмасты.