Каир, 2025 жылғы 6 сәуір – Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Асқар Жеңіс Мысыр Араб Республикасының Жоспарлау, экономикалық даму және халықаралық ынтымақтастық министрі Рания әл-Машатпен кездесті.
Кездесу барысында Елші 2025 жылғы мамырда өтетін Астана халықаралық форумға қатысу туралы шақыру хатын табыс етті. Р. әл-Машат шақыруды ризашылықпен қабыл алып, Форумға қатысуын растады.
Кездесудің басты тақырыбы ретінде Министр әл-Машат аталған мысырлық тараптан тең-төрағалық ететін Қазақстан – Мысыр Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі екіжақты үкіметаралық комиссияның алтыншы отырысын биыл Астанада өткізудің мазмұндық және ұйымдастырушылық мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар, Министрдің құзыретіне кіретін экономикалық даму, шетелдік қаржыландыру, халықаралық қаржы-экономикалық ұйымдармен ынтымақтастық, орнықты даму мақсаттарына жету, серіктестік жобалары, жасыл экономикаға көшу, жеке секторда, инновациялар мен кәсіпкерлікте әйелдер мен жастардың қатысуын арттыру бағыттары төңірегінде пікір алмасып, өзара серіктестікті дамыту перспективалары талқыланды.
Кездесу қорытындысында Қазақстан мен Мысыр арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мен алдағы іс-шараларды дайындау бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға ниеттілік расталды.