Каир, 2022 жылғы 21 қараша – Қазақстанның Елшісі Қайрат Лама Шариф «Араб банкінің» Египет бойынша басқарушы директоры Ахмед Исмаил Хасанмен кездесті.
Әңгімелесу барысында Елші сұхбаттанушыны Қазақстанның өңірлік және жаһандық саясат пен экономика мәселелері бойынша, сондай-ақ 2023 жылғы мамырда елордада өтетін Астана экономикалық форумының XIII-шы отырысының әлеуетін пайдалану бойынша көзқарастары мен бастамалары туралы хабардар етті.
Қазақстандық дипломат банкирге Қазақстанның экономиканың негізгі салаларында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы мүмкіндіктері туралы айтып берді. Атап айтқанда, ол «Астана» халықаралық қаржы орталығымен (АХҚО) ынтымақтастық перспективаларына тоқталып, қаржы бизнесін дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер беретін қолайлы жағдайларға назар аударды.
Банк басшысы өз кезегінде Қазақстанда және оның қаржы секторында жүргізіліп жатқан ауқымды реформаларды жоғары бағалады. Ол өзара серіктестікті одан әрі жан-жақты нығайтуға ниетті екенін атап өтті.
«Араб банкі» 1930 жылы құрылған Таяу Шығыстағы ең ірі банк. Банктің бас кеңсесі Амман қаласында орналасқан. Банк әлемнің бес континентіндегі 600-ден астам филиалдардан тұратын кең халықаралық желісін құрайды.
«Араб банкі» коммерциялық банктік қызметтердің кең спектрін ұсынады. Корпоративтік және институционалдық банктік сегментке корпоративтік сектор үшін банктік қызметтер мен қаржы, жеке жобалар, сыртқы сауда, шағын және орта жобалар, сондай-ақ банктер мен қаржы институттары кіреді. Қазынашылық сегменті шетелдік валютамен, валюталық туынды құралдармен, ақша нарығы құралдарымен, депозиттік сертификаттармен және пайыздық своптармен айналысады. Тұтынушы банкинг сегменті жеке тұлғаларға, жоғары элиталық клиенттерге және стартаптарға банктік қызметтерді ұсынады.