Қазақстан-Мысыр бизнес форумы: сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жаңа көкжиегі

Қазақстан-Мысыр бизнес форумы: сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жаңа көкжиегі

Қазақстан-Мысыр бизнес форумы:
сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жаңа көкжиегі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ү.ж. 26 қаңтар айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында атқарушы билік алдында тұрған негізгі міндет – экономикалық өсімді қалпына келтіру, инвестиция тарту және қазақстандықтардың нақты кірісін арттыру екендігін баса айтты. Президент пандемия, шектеу шаралары және сауда байланысының бұзылуынан көбірек зардап шеккен шағын және орта бизнесті қолдау маңыздылығын атап өтті.
Туындаған мәселелерді шешуде ҚР Сыртқы істер министрлігі мен шетелдегі дипломатиялық өкілдіктер үлкен рөл атқаруда. ҚР-ның шет елдердегі Елшіліктері шағын және орта бизнеске шетелдік серіктестермен байланыс орнатуда, сондай-ақ өндірушілеріміздің әлеуетін ұсынуда жан-жақты көмек көрсетуде. Осы ретте ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Мысыр Араб Республикасындағы Елшілігімен бірлесе отырып Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында ү.ж. 5-7 ақпанда Шарм аш-Шейх қаласында Қазақстан-Мысыр бизнес-форумын өткізуді жоспарлап отыр.
Аталмыш бизнес-форум Қазақстан мен Египет арасындағы іскерлік ынтымақтастықты тереңдету мен коронавирус пандемиясы жағдайында екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық белсенділікті қалпына келтірудің жаңа серпінді үрдісі ретінде өтеді.
Бизнес-форумның негізгі мақсаты – өндірушілер мен мүдделі сатып алушылар арасында тікелей байланыс орнатуға, өнімнің сапасы мен құны туралы ақпарат алмасуға, экспорттық келісімшарттардың егжей-тегжейлі талқылауға ықпал ету. Қазақстандық тараптан іс-шараның ұйымдастырушысы - ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитеті мен бірлесіп ұйымдастырушы «Kazakh Invest» ҰК, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы, «KazakhExport» Экспорт сақтандыру компаниясы, «QazIndustry» Қазақстандық өнеркәсіп және сауда орталығы болып табылады. Египет тарапынан – Сыртқы істер, Сыртқы сауда және индустрия, Халықаралық ынтымақтастығы министрліктері, Оңтүстік Синай провинциясының әкімшілігі, Египет сауда палаталары федерациясы, Инвестициялар мен еркін экономикалық аймақтардың бас басқармасы ат салысуда. Форумға 70-ке жуық қазақстандық және 200-ден астам мысырлық компаниялар қатысады деп жоспарлануда.
Бизнес-форум барысында, B2B форматындағы отандық және мысырлық компаниялар арасындағы екіжақты келіссөздер, отандық өнімдер көрмесі өтеді.
Бизнес-форумда мемлекеттік орган басшылары мен отандық компания өкілдерінің сөз сөйлеуі барысында Қазақстандық өндірушілердің әлеуеті мен инвестициялық жобалары таныстырылады. Еліміздің 12 өңірлерінен келген кәсіпкерлер іс-шараға қатысуға белсенділік танытуда.
Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері мен Мысыр арасында тығыз сауда-экономикалық байланыстар орнаған. Әлемдік сауда-саттық күрделі кезеңді өткізіп жатқанына қарамастан, орнаған байланыс көптеген тауарлар бойынша өзара сауда-саттықты жүзеге асыруға көмектеседі. Жақын арада ЕАЭО-ға мүше елдер – Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Армения мен Мысыр арасында еркін сауда туралы көп жақты Келісімге қол қою жоспарлануда. Келісім 100 миллионнан астам халқы бар Мысыр нарығын ашу арқылы Қазақстандық өнімдердің экспортын ұлғайтуға үлкен мүмкіндіктер береді. Ауқымды сату нарығын ескере отырып, Қазақстан аймақтарының өнімдері Мысыр, Солтүстік Африканың Марокко, Алжир, Тунис және Судан сияқты араб елдерінде сұранысқа ие болады. Бұл келісім Мысырды Африкаға «қақпа» ретінде қарастыратын және Мысырдағы өндірісті оқшаулау жобаларын жүзеге асыруға дайын ЕАЭО елдері үшін тиімді құқықтық негіз болады.
Қазақстан мен Мысыр сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстар деңгейін одан әрі арттыру үшін өзара іс-қимылдың барлық бағыттары бойынша ынтымақтастық орнатуға ниетті. 2021 жылы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық бойынша Қазақстан-Мысыр үкіметаралық комиссиясының 6-отырысын, сондай-ақ саяси және консулдық консультациялардың 7-ші раундын өткізу жоспарлануда. Бұл маңызды іс-шаралар осы салалардағы көпжақты ынтымақтастықты дамытуға қосымша серпін беретіні сөзсіз.
Қазақстан Мысырмен әртүрлі салада, ең алдымен экономикалық бағытта толыққанды серіктестік орнатуға мүдделі. Жоспарланған бизнес-форум екі достас елдің мүдделеріне сай келетін сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға өз үлесін қосады.

ҚР-ның МАР-ғы Елшілігі