Мысырда киноиндустрия саласындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттары талқыланды

Мысырда киноиндустрия саласындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттары талқыланды

Каир, 2026 жылғы 2 маусым — Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Жеңіс араб әлемінің аңызға айналған өнер майталманы және Мысыр киносының символы, жыл сайын өтетін өңірдегі басты кинофестивалдердің бірі болып табылатын «Каир Халықаралық кинофестивалінің» президенті Хуссейн Фахмимен кездесті.

Кездесудің басты тақырыбы бүкіл араб әлемінің кино индустриясының орталығы саналатын Мысырдың аталған саласымен қазақстандық кино саласы арасындағы байланысты нығайтуды талқылау болды.

А.Жеңіс өз кезегінде, отандық кино индустрияның соңғы жылдардағы серпінді дамуы туралы егжей-тегжейлі баяндады. Атап айтқанда, отандық кино саласының халықаралық аренада мойындалып, әлемдік деңгейдегі туындылармен бәсекелесе алатын деңгейге жеткенін, сондай-ақ Қазақстанның бірлескен ауқымды жобаларды жүзеге асыруға техникалық та, шығармашылық та тұрғыдан толық дайын екенін жеткізді.

Оған қоса, ол еліміздің табиғаты кез келген тарихи және заманауи фильмдерді түсіруге таптырмас ерекше мекен екеніне назар аударып, мысырлық  тарапты еліміздің осы бірегей ландшафтық байлығын жаңа шығармашылық бағыт ретінде ашуға және бірлескен жобалар аясында Қазақстанды кино түсірудің жаңа алаңы ретінде қарастыруға шақырды.

Х.Фахми Қазақстанды кино саласындағы жаңа серіктес ретінде қарастыруға зор ықылас білдіре отырып, ү.ж. 11-20 қараша аралығында 47-ші рет ұйымдастырылатын беделді Каир халықаралық кинофестиваліне қазақстандық кино компанияларын қатысуға және оның төраға алқасына еліміздің киноиндустрия саласының беделді өкілдерінің бірін мүше болуға шақырды.

Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар екі мемлекеттің кино саласындағы ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеру мақсатында тұрақты байланыс орнату туралы келісімге келді және жоспарланған мәдени жобаларды жүзеге асыру үшін бірлескен жұмыстарды белсенді түрде жалғастыруға уағдаласты.

Анықтама: Мысырдың кино саласы - жергілікті мәдениет пен экономиканың  басты бағыттарының бірі болып табылады. Ең алғаш рет Александрияда жүйелі киноөндіріс 1927 жылы басталған, ал 1935 жылы Каирде негізі қаланған әйгілі «Studio Misr» павильоны Таяу Шығыстағы кино өндірісінің қара шаңырағына айналған. Өткен ғасырдың басында-ақ өркендей бастаған Мысыр кинематографиясы өз заманында «Шығыс Голливуды» деген ерекше мәртебеге ие болған. Мысырдың кино саласындағы бай тәжірибесі бүгінде Франция, АҚШ және т.б. сияқты елдермен қатар әлемдік деңгейде өзіндік орынға ие және өнер ұжымдары үшін классикалық мектеп және сарқылмас қазына болып табылады.