Қазақстанның Мысырдағы Елшілігі Наурыз мейрамын атап өтті

Қазақстанның Мысырдағы Елшілігі Наурыз мейрамын атап өтті

Каир, 2026 жылғы 26 наурыз – Қазақстанның Мысырдағы Елшілігі Түркия
Республикасының Елшілігімен бірігіп, Түркия Елшісінің резиденциясында
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін атап өтті.
Ұйымдастырылған мерекелік іс-шараға 120-дан астам қонақ қатысты. Оның
ішінде Әзербайжан, Өзбекстан және т.б елшіліктері, Мысыр тарапынан
шақырылған жоғары лауазымды тұлғалар мен жергілікті жетекші БАҚ өкілдері
болды.
Салтанатты кештің ашылуында Қазақстанның Елшісі Асқар Жеңіс
қонақтарды Наурыз мерекесімен құттықтады. Ол өзінің сөзінде Наурыздың түркі
әлеміндегі алатын орнына терең тоқталып өтіп, оның бейбітшілік, жақсылық пен
ынтымақтастық мерекесі екенін айтты.
Сонымен қатар, Елші Қазақстанда жыл сайын 14 наурыз күні жалпыұлттық
Наурызнама онкүндігі басталып, оның аясында көрмелер, фестивальдар, әдеби-
музыкалық кештер, қайырымдылық акциялары, мәдени-спорттық іс-шаралар
және т.б. көптеген ауқымды іс-шаралардың ұйымдастырылатынын атап өтті.
Мысырда Наурыз мерекесін тойлау іс-шарасы аясында қатысқан
Елшіліктердің ұлттық тағамдары ұсынылған жәрмеңкелер де орын алды.
Қазақстанның бай салт-дәстүрін дәріптейтін ұлттық тағамдар қонақтарға
кеңінен ұсынылды. Олардың ішінде ұлттық «Наурыз көже» қонақтардың ерекше
қызығушылығын тудырды.
Сонымен қатар, мерекелік бағдарлама аясында қонақтардың назарына
Наурыз мейрамын тойлау мәдениеті мен дәстүрлері туралы бейнероликтер
ұсынылды. Мысырда білім алып жүрген қазақ жастары ұлттық аспаптарда өнер
көрсетіп, көрермендердің ыстық ілтипатына бөленді.
Ұйымдастырылған мәдени іс-шара халықтарымыз арасындағы
ынтымақтастықты нығайта отырып, жергілікті қонақтар тарапынан үлкен
ризашылыққа ие болды.