
Каир, 2025 жылғы 15 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Елшісі Асқар Жеңіс Каирдегі Американдық университеттің ректоры Ахмед Даллалмен кездесіп, жоғары білім саласындағы ынтымақтастық және университеттер арасындағы байланыстарды жандандыру мәселелерін талқылады.
Елші А.Жеңіс Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде жоғары білім саласын халықаралық білім беру кеңістігімен ықпалдастыру және шетелдің белгілі жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жұмыс жүргізіліп жатқандығы туралы айтып берді. Сондай-ақ, екі елдің ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастығының қазіргі жағдайы және оны одан әрі дамыту перспективалары аясында негізінен қазақстандық студенттер Әл-Азхар, Каир және Айн-Шамс университеттерінде білім алып жатқандықтары туралы атап өтті.
Өз кезегінде А.Даллал қазіргі таңда өзі басқарып отырған университеттің тарихына шолу жасай отырып, 2024 жылғы 3 желтоқсанда Астанада Назарбаев университеті мен Каирдегі Американдық университеті арасындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойғандықтарын хабарлады. Бұл құжат екі университет арасындағы академиялық және ғылыми байланыстарды нығайтуға бағытталғандығын атап өтті. Осы ретте, ендігі кезекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен байланыс орнатуға қызығушылықтарын білдіре отырып, өзінің әріптесін Каирде күтіп алуға дайындығын жеткізді.
1919 жылы құрылған Каирдегі Американдық университет ағылшын тілінде білім береді және американдық жоғары білім беру жүйесі негізінде кадрлар даярлауды жүзеге асырады.
Университеттің академиялық құрылымы төрт негізгі факультеттен тұрады. Бизнес (экономика, қаржы, бухгалтерлік есеп, менеджмент, маркетинг), Жаһандық істер және саясаттану (халықаралық қатынастар, саясаттану, мемлекеттік басқару, даму мәселелері), Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар (тілдер мен әдебиет, тарих, философия, саясаттану, журналистика, әлеуметтану) және Ғылымдар және инженерия (инженерлік бағыттар, ақпараттық технологиялар, математика, физика, химия, биология). Сондай-ақ, университет мысырлық көптеген мемлекеттік қызметкерлерді және қоғам қайраткерлерін даярлаған. Қазіргі уақытта университет түлектері арасында төмендегідей жоғары лауазымды қызметкерлер бар. Атап айтқанда, Хасан Абдалла Мысырдың Орталық банкі төрағасы, Рания әл‑Машат МАР жоспарлау, экономикалық даму және халықаралық ынтымақтастық министрі, Нагиб Савирис Мысырдағы ең ірі кәсіпкерлердің бірі, Orascom Investment Holding компаниясының негізін қалаушы, халықаралық бизнес-топтардың басшысы және т.б.