Будапешт, 2025 жылғы 15 сәуір – Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) Кеден әкімшіліктері басшыларының Бірінші бейресми кездесуіне қатысты.
Кездесуге Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы, Елші Кубанычбек Омуралиев, Мажарстанның Ұлттық салық және кеден басқармасының комиссары Ференц Вагуйхейи, Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрлігі Мемлекеттік хатшысының орынбасары Каталин Бихари, Мажарстанның Кеден және халықаралық істер жөніндегі комиссар орынбасары Бригадалық генерал Криштоф Петер Бакай, Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік кеден комитетінің төрағасы Шахин Багиров, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Жұмағұлов, Қырғыз Республикасының Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кеден қызметінің төрағасы Алмаз Салиев, Түркия Республикасының Сауда министрінің орынбасары Сезаи Ұчармак және Өзбекстан Республикасының Мемлекеттік кеден комитетінің төрағасы Акмалходжа Мавлонов қатысты.
Кіріспе сөзінде Бас хатшы Омуралиев Мажарстанның ТМҰ шеңберіндегі белсенді рөлі мен стратегиялық қатысуын атап өтіп, Мемлекет басшыларының алдағы бейресми саммиті қарсаңында бұл кездесудің Будапештте өтуінің символдық маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ, ол кеден саласындағы ынтымақтастықтың ТМҰ үшін басым бағыт екенін атап өтіп, қабылданған eTIR іс-қимыл жоспары, Жеңілдетілген кеден дәлізі және "Керуен сарай" жобасы сияқты бастамалар арқылы қол жеткізілген ілгерілеулерге тоқталды. Ол кеден рәсімдерін жаңғырту және цифрландыру ісін қолдау мақсатында Мажарстанның бірегей тәжірибесін пайдалана отырып, Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты тереңдетуге шақырды.
Мажарстан тарапы электрондық сауда, сауданы жеңілдету тәжірибелері, Еуропалық Одақтың (ЕО) кедендік реформалар пакеті, 2024 жылғы ЕО Төрағалығы кезіндегі жетістіктер мен Вышеград тобы секілді өңірлік ынтымақтастық механизмдері бойынша өз тәжірибесімен бөлісті.
ТМҰ мүше мемлекеттерінің қатысушылары кеден жүйесін жаңғырту және өңірлік экономикалық ынтымақтастық салаларындағы ұлттық тәжірибелерін ұсынды. Кездесу барысында ТМҰ шеңберінде ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері, әсіресе ТМҰ мен ЕО арасындағы әріптестікті нығайту, білім және тәжірибе алмасу, сондай-ақ кеден саласындағы әлеуетті арттыру мәселелері талқыланды.