Будапешт, 2025 жылғы 12 сәуір – Наурыз мерекесі Будапештте ерекше ықыласпен атап өтілді. Қазақстанның Мажарстандағы Елшілігі ұйымдастырған мерекелік салтанат айрықша сипатта болып, шетелде жоғары білім алып жүрген қазақ студенттердің, отандастардың, сондай-ақ қандастарымыздың бастарын қосып, береке дастарқанынан дəм татқызып мәре-сәре болды.
Іс-шараны өткізуге Мажар-қазақ мәдени ұйымы, «Барыс мажар-қазақ» қоры мен қазақ студенттер жүргізіп отырған «Qazaq Reading Club» ат салысты.
Халықтар бірлігін, табиғат пен адамның жаңаруын, жаңғыруды білдіретін әз Наурыз Елшіліктің аумағында, демек Қазақстан жерінде мерекеленді деп айтуға болады. Мерекеге орай көпшілік назарына құрылған халқымыздың дәстүрі мен ұлттық құндылықтарынан сыр шертетін қазақ бұрышы ұсынылды.
Салтанатты мерекені Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы құттықтау сөзбен ашты. Көпшілік алдына шыққан Елші барша қонақтарды осынау ұлық күн – Наурыз мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
- Құрметті отандастар! Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы құтты болсын. Өмірін табиғат - анамен тығыз байланыстырған халқымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен ынтымақтың арқауы деп бағалаған. Бір ай бойы тойланатын Наурыз мерекесі Будапештте өз мәресіне жетті. Осынау шуақты күні баршаңызға мықты денсаулық, молшылық тілеймін, - деп атап өтті.
Осыдан соң Наурыз мерекесінің салтанатты ашылу рәсімі басталып, жиылған жұрт асық ату, ләңгі сияқты түрлі ұлттық ойындарға қатысып, өзара сайысқа түсіп тартысты және ән шырқалып, ұлттық билер орындалды. Абайдың қара сөздерін нақышына келтіре оқыды. Сонымен бірге, мажар әншілер Тамаш Пальчо қазақтың әнін, ал Анна Вираг мажар әнін орындап, тыңдаған жұрттың жүрегін елжіретті. Бұл – халықтар достығы мен мәдени үндестіктің айқын көрінісі болды.
Іс-шараның мажар қонақтарына халқымыздың бай салт-дәстүрі мен мәдени мұрасын кеңінен танысып, барша қатысушылар наурыз көжеден бастап, халқымыздың ұлттық тағамдарынан ауыз тиді.
Баршамызға белгілі, Наурыз «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Ұлыстың ұлы күні жаңа күн болғандықтан, көп жаңалық, мол қуаныш, игілік осы күннен басталуы тиіс. Наурыз тойында ән шырқалып, күй тартылады, жыр айтылады. Сөйтіп, жұрттың көңілін көтереді. Ондайда ұжымдасып, ұйымдасып өнер көрсетудің мәні зор. Ұлыстың ұлы күні әрбір адам, бұрынғы реніш, өкпе-наразылығы болса, бәрін кешіп, бірін-бірі мейман етеді. Сый-сияпат жасалады. Қазақ халқының бірлігін насихаттайтын мерекеде осы дәстүрден Мажарстандағы қазақтары да жаңылған жоқ. Бұл мереке ұрпақ санасына ұлттық құндылықтарымызды, қазақтың салт-дәстүрлерін дәріптеп, халқымыздың тарихын түгендеп, оларды өскелең ұрпақтың санасына сіңіруге тигізер септігі зор, қосар үлесі мол.