Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшінің Түркі мемлекеттері ұйымының Мажарстандағы Өкілдігінің атқарушы директорымен кездесуі

Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшінің Түркі мемлекеттері ұйымының Мажарстандағы Өкілдігінің атқарушы директорымен кездесуі

Будапешт, 2025 жылғы 20 наурыз – Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) Мажарстандағы өкілдігінің атқарушы директоры Балаж Хендрикпен  кездесті.

Елші А. Сапарбекұлы Б. Хендрикті Мажарстандағы ТМҰ өкілдігінің атқарушы директоры лауазымына тағайындалуымен құттықтап, жаңа қызметінде табыс тіледі. Елші Балаж Хендриктің басшылығымен Өкілдіктің Мажарстан мен Түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға серпін беретініне сенім білдірді.

Кездесу барысында тараптар ТМҰ аясында екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Елші А. Сапарбекұлы Мажарстан мен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасындағы көпжақты өзара іс-қимылды дамытуда зор әлеует бар екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Елші А. Сапарбекұлы Қазақстанның Мажарстандағы ТМҰ Өкілдігінің қызметін қолдауға бейілділігін растап, Қазақстан, Мажарстан және басқа да Түркі елдері арасындағы байланысты тереңдетуге бағытталған бірлескен бастамаларға белсенді қатысуға дайын екенін білдірді.

Өз кезегінде Б. Хендрик Түркі мемлекеттері ұйымының құрылған сәтінен бастап қол жеткізген елеулі жетістіктерге жеткенін атап өтті. Ол Мажарстанның «Шығысқа ашылу» саясаты аясында Түркі әлемімен тығыз байланыстарды дамытуға стратегиялық мүдделілік танытып отырғанын жеткізді. Б. Хендрик көп қырлы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Сондай-ақ, Б. Хендрик ұсыныстарға ашық екенін және Қазақстан Республикасының Елшілігімен бірлескен жобалар мен іс-шараларды іске асыруда тығыз жұмыс істеуге дайын екенін растады.