2025 жылғы 15 қаңтар – Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Мажарстан Мәдениет және инновация министрі Балаж Ханкомен кездесті
Кездесу барысында тараптар 2025-2026 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы мен Мажарстан арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы өзара іс-қимыл бойынша іс-шаралар жоспарын жан жақты талқылады. Оның ішінде Мажарстанда «Қыпшақтану» кафедрасын ашу және оның аясында қазақ тілін оқыту, ал Қазақстанда мажар тілін оқыту мәселесі, сондай-ақ университеттер мен ғылыми мекемелер арасындағы байланыстарды тереңдетуге және ғылыми-зерттеу жұмыстарды жүзеге асыру тетіктері бойынша пікір алмасылды.
Қазақ Елші Қазақстан мен Мажарстан арасындағы бауырлас қарым-қатынастары ортақ қыпшақ тарихына негізделген және оның ішінде мәдени-ғылыми ынтымақтастықтың орны ерекше екенін атап өтті.
Өз тарапынан Министр қазақ тілін оқытуға, бірлескен ғылыми және инновациялық зерттеулерді жүргізуге берік негіз қалауға мажар тарапының ниеті бар екенін хабарлады.
Кездесу соңында тараптар үстіміздегі жылы Мажарстанда мәдени іс-шараларды, атап айтқанда қазақ ұлттық әуендер концерттері мен қазақ кино апталарын ұйымдастыруға уағдаласты.
Айта кетері, бұдан бұрын 7 қаңтарда Абзал Сапарбекұлы, Мажарстанның Ұлттық кинематографиясы институтының директоры, Ұлттық киноөндірісті дамыту жөніндегі Мажарстан Үкіметінің уәкілетті өкілі Чаба Каелмен кездесіп, киноөндіріс саласындағы өзара ынтымақтастық пен ортақ жобаларды жүзге асыруға қол жеткізді.