Скопье, 2024 жылғы 14 ақпан - ҚР Солтүстік Македония Республикасындағы Елшісі Жәнібек Әбдрашов 9 ақпанда Скопье қаласына жұмыс сапармен барып, осы елдің Президенті Стево Пендаровскийдің дипломатиялық корпус мүшелеріне арнап ұйымдастырған жыл сайынғы қабылдауына қатысты.
Елші С.Пендаровскийге ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың сәлемін жеткізіп, оны Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың барысымен қысқаша таныстырды. 7 ақпанда Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысындағы экономиканы дамытудың басты тезистерін македон тарапына жеткізді.
Ж.Әбдрашов Солтүстік Македония Президенті С.Пендаровскийді Скопье қаласында жақын арада өз жұмысын бастайтын ҚР Солтүстік Македониядағы Елшілігінің ашылатыны туралы ақпараттандырды.
Тараптар, өзара құрмет пен түсіністік рухында дамып отырған достық қарым-қатынастың жоғары деңгейін атап өтіп, екі елдің халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастығының белсенділігіне жоғары баға берді.
С.Пендаровский өз кезегінде, Қазақстанның Скопьеде Елшілік ашу туралы шешімін құптап өтіп, бұл екі елдің байланыстарын одан әрі тереңдете түсуге септігін тигізетінін жеткізеді.
Сонымен қатар, қазақ дипломаты СМР Сыртқы істер министрлігі Екіжақты ынтымақтастық департаментінің директоры Сания Зографскамен келіссөздер өткізіп, оның барысында екіжақты қарым-қатынастардың қазіргі жағдайы мен оны тереңдету перспективалары, өзара тауар айналымының көлемін ұлғайту және шарттық-құқықтық базаны кеңейту, сондай-ақ екі ел арасындағы өзара іс-қимыл жасайтын және күш-жігерін үйлестіретін, бірқатар мәселелерді талқыға салды.