Ұлы дала әуендері мажар халқын баурап алды

Ұлы дала әуендері мажар халқын баурап алды

Будапешт, 14 сәуір 2023 жыл – Мажарстан астанасы - Будапешт қаласында «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің концерті өтті.

Іс-шара ансамбльдің 15 жылдығына арналған Еуропалық тур аясында, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының қолдауымен, «Мажар-Тұран» қоры мен ҚР Мажарстандағы Елшілігінің ұйымдастыруымен өтті. Мажар халқы «Тұран» ансамблінің шығармашылығымен етене таныс, бұған дейін топ түркі халықтарының Құрылтайында бірнеше рет өнер көрсеткен.

Қазақ музыкасын сүйетін мажарлар елдің көптеген аймақтарынан концертке жиналды. Олар қазақтың фольклорлық, аспаптық музыкасын тамсана тыңдап, топ мүшелерінің орындаушылық шеберлігі мен әннің қуатына тәнті болды.

Қобыз, жетіген, сыбызғы сияқты қазақтың ұлттық аспаптарының әуезі мен ұлы даланың сазды әуендері көрермен көңілінен шықты. 

Кеште орындалған «Ұлы Тұран - мәңгілік», «Шабыт», «Аққу», «Ақсақ құлан», «Ортеке», «Кероғлы», «Қазақ елі», «Қара жорға, «Ер Тұран» және т.б. композицияларда туған жерге деген сүйіспеншілік, еркіндік, келешекке деген  үміт пен ұмтылыс байқалады.

Көрермендер сондай-ақ ансамбль мүшелерінің ұлттық стильдегі киім үлгісіне таң қалды. Бір жарым сағаттық концерттік бағдарлама лезде өте шықты. Концерттен кейін көрермендер қазақ өнерінен алған әсерлерімен бөлісті: «Қазақ халқының әуені - жан әуені, сұлулық пен күшті, энергияны сезінуге көмектесті»,

«Ғасырлар қойнауынан келген домбыра мен қобыздың үні біздің бауырлас жандарымызды тоғыстырып, мақтаныш сезімін сыйлады».

Еуропа туры аясындағы «Тұран» ансамблінің қорытынды концерті Будапешттің тарихи ғимараттарының бірі, сәулет өнерінің маржаны есептелетін Varkert Bazar концерт залында өтті. Заманауи дыбыс, ұлттық аспапта шебер ойнау қуатты энергетика - «Тұран» ансамблін бірегей ететін негізгі ерекшеліктері.