Мажарстанда экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Мажарстан Үкіметаралық комиссиясының 8-ші отырысы өтті

Мажарстанда экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Мажарстан Үкіметаралық комиссиясының 8-ші отырысы өтті

Будапешт, 2023 жылғы 27 қаңтар - Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров пен Мажарстанның Қаржы министрі Михай Варганың тең төрағалығымен Қазақстан-Мажарстан Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 8-ші отырысы болды. Аталған іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдарының, даму институттарының және академиялық топтарының өкілдері қатысты.

Отырыс барысында тараптар барлық салалардағы ынтымақтастықты жандандыру мәселелерін талқылады, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге өзара дайын екендіктерін білдірді.

Отырыс қорытындысы бойынша ҮАК 8-отырысының хаттамасына, сондай-ақ энергетика, қаржы, білім беру және бизнес салаларындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумдарға қол қойылды.

Сапар аясында қазақстандық министрдің Мажарстан Үкіметі мен бизнес өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулері өтті.

Мажарстанның сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Питер Сиартомен болған кездесуде атом энергетикасы, «IT» саласы, энергетикалық қауіпсіздік, білім беру саласындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

Тараптар қазіргі геосаяси жағдайда екі елдің экономикасын дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы пікір алмасты. ҰЭМ басшысы экспортты әртараптандыру және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Әлібек Қуантыровтың Мажарстан Экономикалық даму министрлігінің Өнеркәсіптік саясат және технологиялар жөніндегі мемлекеттік хатшысы Габор Фабианмен кездесуі барысында тараптар экономикалық реформаларға, тарифтік саясатқа және кәсіпкерлікті дамытуға қатысты пікір алмасты.

ҮАК шеңберінде Қазақстан-Мажарстан Іскерлік кеңесінің кезекті отырысы ұйымдастырылды, онда Қазақстан Ұлттық экономика министрі екі ел арасында қаржы саласында, оның ішінде «Астана» АХҚО, ауыл шаруашылығы, энергетика, Жүк-жолаушылар авиатасымалдары, АТ, экология, гуманитарлық салада ынтымақтастық үшін зор әлеует бар екенін атап өтті.

Сапар аясында қазақстандық делегация «Пакш» атом электр станциясына және АЭС техникалық қызмет көрсету Оқу орталығына барып қайтты.

Сондай-ақ, Қазақстанның Ұлттық экономика министрі «Globalia Ltd.» компаниясының бас атқарушы директорымен кездесу өткізді. Жиын барысында тараптар Қазақстанда жасыл энергетиканы дамыту жөніндегі жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Министрдің Мажарстанның жетекші жоғары оқу орындарында оқитын қазақстандық студенттермен кездесуінде Халықаралық ғылыми-білім беру ынтымақтастығын кеңейту, қазақстандық және мажарстандық компаниялар базасында өндірістік практикадан өту мүмкіндіктері талқыланды.