Мажарстан астанасы Будапештте «Қазақстан – Ұлы дала үні» концерті өтті

Мажарстан астанасы Будапештте  «Қазақстан – Ұлы дала үні» концерті өтті

Будапешт, 2026 жылғы 16 маусым – Мажарстан астанасында аты аңызға айналған «Ақсақ құлан» күйінің 800 жылдығына арналған «Қазақстан – Ұлы дала үні» концерті өтті. Шығармашылық кеш мажар жұртшылығына қазақ халқының бай музыкалық және би өнері мұрасын таныстырды.

Концерт XIX ғасырда салынған, Мажарстанның мәдени өмірінде ерекше орын алатын тарихи «Пешти Вигадо» концерт залында ұйымдастырылды. Дунай жағалауында орналасқан бұл сәулет жауһары халықаралық мәдени іс-шаралар өтетін ең беделді алаңдардың бірі саналады.

Концерт бағдарламасына Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының «Ақжарма» халықтық ансамблі мен «Жорға» би ансамблі қатысты. Қос өнер ұжымы қазақтың музыкалық және хореографиялық өнерінің жарқын үлгілерін ұсынып, көрермендерді Ұлы даланың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени дәстүрлеріне рухани саяхатқа жетеледі.

Іс-шараға Мажарстан Парламентінің вице-спикері Анико Надь Халлерне, Парламент депутаттары Шандор Ф. Ковач пен Анна Лежак Мольнарне, бұрынғы вице-спикер Лайош Олах, сондай-ақ дипломатиялық корпус, мажар іскерлік және академиялық орта өкілдері, мәдениет қайраткерлері, қазақ диаспорасының мүшелері мен Мажарстанда білім алып жүрген қазақстандық студенттер қатысты.

Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы өзіннің құттықтау сөзінде халықтар арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтудағы мәдениеттің ерекше рөлін атап өтті. Сондай-ақ ол концерттің қазақтың бай рухани мұрасын дәріптеуге және Қазақстан мен Мажарстан арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қосқан маңызды үлесі екенін жеткізді.

Концерт барысында Нұрғиса Тілендиевтің, Қаршыға Ахмедияровтың, Ескендір Хасанғалиевтің, Мұрат Өскінбаевтың және Құрманғазы Сағырбайұлының шығармалары ұлттық музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен орындалды. 

Ансамбльдің орындауындағы Мажар халқына арналған танымал шығарма Йоганнес Брамстың "Мажар биі" туындысы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Аталған іс-шара екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ ұлттық музыка өнерін халықаралық аудитория арасында кеңінен насихаттауға бағытталды. Концерт көрермендердің зор ықыласына ие болып, қазақ халқының бай музыкалық мұрасы мен ұлттық өнерін мажар жұртшылығына кеңінен таныстыруға мүмкіндік берді. 

Іс-шара Қазақстан мен Мажарстан арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және екі халық арасындағы достық байланыстарды тереңдетуге өз үлесін қосты.

Анықтама: Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясы өңірдегі жетекші концерттік ұйымдардың бірі болып табылады. 2025 жылы филармонияның құрылғанына 50 жыл толды. Оның құрамында Маңғыстау өңірі мен жалпы Қазақстанның музыкалық және хореографиялық мұрасын дәріптейтін кәсіби шығармашылық ұжымдар қызмет етеді. «Ақжарма» халық аспаптар ансамблі мен «Жорға» би ансамблі көрермендерді қазақтың дәстүрлі мәдениетімен, ұлттық музыкасы және хореографиясымен таныстырып қана қоймай, еліміздің мәдени мұрасын сақтау мен насихаттауға да елеулі үлес қосып келеді.