Қазақстан мен Мажарстан ұлттық құрамалары арасындағы достық кездесу Дебрецен қаласында өтті

Қазақстан мен Мажарстан ұлттық құрамалары арасындағы достық кездесу Дебрецен қаласында өтті

Дебрецен, 2026 жылғы 9 маусым – Дебрецен қаласында Қазақстан мен Мажарстан ұлттық құрамалары арасында жолдастық футбол матчы өтті. Матч қорытындысы бойынша Мажарстан құрамасы 3:1 есебімен жеңіске жетті.

Дода басталар алдында қазақстандық жанкүйерлерге «Хайду» мажар би ансамблінің қатысуымен мәдени бағдарлама ұйымдастырылды. Шара аясында қазақтың кеңінен танымал «Бүркіт» биі мен мазмұны мен рухы жағынан үндес дәстүрлі мажар халық биі көрермен назарына ұсынылды. Бұл қойылымдар Қазақстан мен Мажарстан халықтары арасындағы достық пен мәдени өзара ықпалдастықтың символына айналды.

Спорттық бәсеке достық пен өзара құрмет рухында өтіп, екі ел жанкүйерлерінің зор қызығушылығын тудырды. Қос құрама жоғары дайындық деңгейін, спорттық шеберлігі мен жеңіске деген ұмтылысын көрсетіп, көрермендерге тартысты әрі әсерлі ойын сыйлады.

Мажарстанда тұратын қазақстандық студенттер мен қазақ диаспорасының өкілдері ұлттық құраманы белсенді түрде қолдап, трибунада ерекше рухты атмосфера қалыптастырды.

Бұл достық кездесу Қазақстан мен Мажарстан арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың тағы бір айқын көрінісі болып, екі ел халықтарының мәдени-гуманитарлық байланыстарын нығайтуға өз үлесін қосты.

Сонымен қатар, осы күні Қазақстан Республикасы Президентінің «Оқу мәдениетін дамыту және зияткерлік ұлтты қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында Елшілік мажарлық «Alfaseeds» компаниясымен бірлесіп, Дебрецен қаласында ұлы қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының мажар тілінде жарық көрген кітабының тұсаукесерін ұйымдастырды.

Іс-шараға Дебрецен қаласының әкімі, Мажарстан Ұлттық Жиналысының Карцаг қаласынан сайланған депутаттары, сондай-ақ Қазақстан мен Мажарстан футбол федерацияларының өкілдері қатысты.