
Будапешт, 2026 жылғы 12 мамыр – Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Будапешт қаласында қазақтың сәндік-қолданбалы өнері мен жүн өңдеу дәстүрлеріне арналған көрме және шеберлік сабағы өтті.
Іс-шара Қазақстан мен Мажарстан арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға және халықтар арасындағы достық байланыстарды тереңдетуге бағытталған мәдени диалогтың маңызды бөлігіне айналды.
Шараға Мажарстанда аккредиттелген дипломатиялық миссиялар басшыларының жұбайлары, сондай-ақ іскерлік және қоғамдық топтардың өкілдері қатысты.
Қонақтарға арналған құттықтау сөзінде Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Қазақстан мен Мажарстанды Ұлы дала мұрасына негізделген терең тарихи және мәдени байланыстар біріктіретінін атап өтті. Сонымен қатар, мәдени ынтымақтастықтың екіжақты қарым-қатынастарды дамытудағы ерекше рөліне тоқталды.
Бағдарлама аясында қонақтар жүн өңдеу, киіз басу өнерімен, қазақ ою-өрнегінің ерекшеліктерімен және ұлттық қолөнер бұйымдарымен танысты.
«Urshyk» («Ұршық») қауымдастығының шеберлері киіз және тоқыма бұйымдарын, этнодизайн элементтерін, сондай-ақ дәстүрлі қазақ зергерлік әшекейлерін ұсынды.
Қонақтар бұйымдардың жасалу үдерісін тамашалап қана қоймай, шеберлік сабақтарына тікелей қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Өз туындыларын этнодизайнер әрі «Urshyk» республикалық қоғамдық қолөнершілер бірлестігінің негізін қалаушы Бибігүл Карденова, тоқыма өнерінің шебері Светлана Маханжанова, қолөнерші Зауре Идрисова, сәндік-қолданбалы өнер шебері Анар Төремұратова және мәдени бастамалардың қатысушысы Салтанат Елеусінова таныстырды.
Іс-шара барысында қолөнершілер ұлттық қолөнеріміздің адам мен табиғат арасындағы үйлесімділікті, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды және мәдени сабақтастықты бейнелейтін философиясына ерекше назар аударды.
Сонымен қатар, қонақтар ұлттық тағамдардан дәм татып, қазақтың қара домбырасының әсерлі музыкасына тәнті болды.
Іс-шара Мажарстанда Қазақстанның бай мәдени мұрасын насихаттайтын маңызды мәдени алаңға айналып, қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды.
Сондай-ақ, 2026 жылғы 8–9 мамыр аралығында қазақ қолөнершілері Хортобадь қаласында өткен VIII Мажар жүн фестиваліне қатысты. Хортобадь ұлттық паркінің дирекциясы ұйымдастырған фестиваль алғаш рет ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысаны аумағында өткізіліп, Мажарстанның әр өңірінен келген шеберлерді, жүн өндірушілер мен қолөнершілерді біріктірді.
Фестиваль аясында қазақ шеберлері дәстүрлі қазақ киіз және тоқыма өнерін таныстырып, мажар жұртшылығының ерекше қызығушылығын тудырды. Қонақтар жүнді қырқудан және бояудан бастап, иіру, тоқу және киіз басуға дейінгі толық өңдеу үдерісімен танысты.
Анықтама: «Urshyk» («Ұршық») республикалық қоғамдық қолөнершілер бірлестігі қазақтың дәстүрлі сәндік-қолданбалы өнерін, оның ішінде киіз өнерін, зергерлік шеберлікті және этникалық киім жасау дәстүрлерін жаңғырту, сақтау және дамыту бағытында жұмыс жүргізеді. Бірлестік жас қолөнер шеберлерін қолдауға және ұлттық мәдени мұраны насихаттауға ерекше көңіл бөледі.