
Будапешт, 2026 ж. 22 қаңтар - Мажар Ұлттық музейінде Мажар мәдениеті күні аясында ұйымдастырылған «Аттила» атты халықаралық көрмесінің қонағы ретінде елімізден ҚР Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы, «Ә.Марғұлан» Археология институтының директоры Ахан Оңғарұлы, сондай-ақ институттың жетекші ғалымдары қатысты.
Ашылу салтанатына Мажарстан Мәдениет және инновациялар министрі Балаш Ханко, ҚР Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, «TÜRKSOY» Бас хатшысы Сұлтан Раев, Мажар Ұлттық музейінің президенті Габор Жигмонд, «Мажар-Тұран» қорының президенті Андраш Жолт Биро, сондай-ақ Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Моңғолия сынды бірқатар елдердің музей басшылары мен ғалымдары қатысты.
Халықаралық ынтымақтастық нәтижесінде ұйымдастырылған көрмеде 13 елдің 64 музейінен жиналған 400-ден астам бірегей тарихи жәдігер ұсынылған. Экспозиция ғұн дәуірінен бастап бүгінгі күнге дейінгі шамамен 1600 жылдық тарихи кезеңді қамтып, Аттиланың тұлғасы мен Ғұндар мұрасы паш етілуде. Осы ретте, көрме аясында Қазақстанда табылған ғұн дәуірінің археологиялық жәдігерлері де қойылды.
Көрме аясында «Еуропалық ғұндар және далалық археологияның соңғы жетістіктері» атты халықаралық ғылыми конференция өткізіліп, оған Қазақстан, Мажарстан, Түркі мемлекеттері және Моңғолиядан келген жетекші археологтар мен зерттеушілер қатысты.
«Аттила» көрмесі 2026 жылғы 23 қаңтар мен 12 шілде аралығында Мажар Ұлттық музейінде көпшілік назарына ұсынылады.