Будапештте құқық саласындағы ынтымақтастық талқыланды

Будапештте құқық саласындағы ынтымақтастық талқыланды

Будапешт, 2026 жылғы 13 қаңтар – Мажарстаның Бас прокуратурасында Қазақстанның Мажарстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы мен Мажарстанның Бас прокуроры Габор Балинт Надь мырза арасында кездесу өтті.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасы мен Мажарстанның прокуратура органдары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және тереңдету мәселелері талқыланды. Екі елде де өзара құқықтық көмек көрсету мәселелеріне ерекше маңыз берілетіні атап өтілді.

Елші А.Сапарбекұлы сұхбатшыны Қазақстанның құқық қорғау жүйесін реформалау барысы туралы жан-жақты хабардар етті. Атап айтқанда, «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен Тәртіп» қағидаттары аясында, әсіресе прокуратура жүйесінде превентивті құқықтық қадағалауды күшейтуге, азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға және цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған шараларға ерекше назар аударылды. Сондай-ақ екі ел арасындағы халықаралық құқықтық ынтымақтастықтың жоғары деңгейі атап өтілді.

Өз кезегінде Мажарстанның Бас прокуроры Қазақстандағы ішкі саяси реформаларды, әсіресе заңнамалық және құқықтық салалардағы өзгерістерді жоғары бағалады. Ол 2025 жылғы 4 қарашада Қазақстанның Жоғарғы сотының Төрағасы Асламбек Мерғалиевтің Будапештке жасаған сапары барысында аталған реформалар туралы жан-жақты ақпарат алғанын атап өтті. Осы орайда екі елдің прокуратура органдары арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтудың, соның ішінде құқықтық және гуманитарлық салаларда тәжірибе алмасудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.

Сонымен қатар, талқылау барысында Габор Балинт Надь мырза Қазақстан мен Мажарстан прокуратура органдары арасындағы ынтымақтастықтың тиімді әрі сындарлы сипатқа ие екенін атап өтті. Ол Мажарстан прокуратурасының қызметіне цифрлық технологияларды енгізу жөнінде ақпарат беріп, цифрландыру саласында, соның ішінде жасанды интеллект технологияларын қолдану бағытында Қазақстанмен тәжірибе алмасуға мүдделілік танытты.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігі мен Мажарстанның Бас прокуратурасы арасындағы тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға және оны одан әрі дамытуға өзара қызығушылық білдірді.