Қазақстан мен «ATEV Zrt.» агроөнеркәсіптік өңдеу саласындағы ықтимал ынтымақтастық бағыттарын қарастыруда

Қазақстан мен «ATEV Zrt.» агроөнеркәсіптік өңдеу саласындағы ықтимал ынтымақтастық бағыттарын қарастыруда

2025 жылғы 3 желтоқсан, Будапешт - Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы «ATEV Zrt.» компаниясының бас директоры Левенте Золт Сипош мырзамен кездесу өткізді.

«ATEV Zrt.» – жануарлардан алынатын қосалқы өнімдерді қауіпсіз әрі экологиялық жауапкершілікпен қайта өңдеу саласындағы Мажарстаның жетекші операторы. Компания елдің ветеринариялық, санитариялық және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді. «ATEV» өндірістік қызметін Дебрецен, Ходмезёвашархей, Матьяшдомб және Шольт қалаларындағы зауыттары арқылы жүзеге асырады және мал шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібі үшін маңызды қызметтер көрсетеді.

Кездесу барысында тараптар кәсіби ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарын талқылады. Елші Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің қарқынды дамуын, мал шаруашылығы көлемінің ұлғаюын, ауқымды ауыл шаруашылығы алқаптарының бар екенін, сондай-ақ Үкіметтің заманауи экологиялық қауіпсіз технологияларды енгізу жөніндегі шараларын таныстырды.

Талқылауға «Kazakh Invest» компаниясының Еуропадағы өкілі Ұлбосын Сарыбаева ерекше үлес қосты. Ол Қазақстанның инвестициялық климаты мен агроөнеркәсіптік сектордың қазіргі басымдықтары жөнінде жан-жақты ақпарат ұсынды. Бұл халықаралық тәжірибе мен ұлттық даму мақсаттарын үйлестіру мүмкіндіктерін айқындауға мүмкіндік берді.

Левенте Сипош Қазақстанның өсіп келе жатқан аграрлық және мал шаруашылығы базасы жануарлардан алынатын қосалқы өнімдерді қауіпсіз өңдеу тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар «ATEV» компаниясының дайын өнімдерін өткізу үшін де барған сайын маңызды нарыққа айналып отырғанын атап өтті. Ол компания халықаралық деңгейде қызметпен айналыспағанымен, экологиялық және ветеринариялық талаптарды қатаң сақтай отырып, мал шаруашылығы қосалқы өнімдердің ірі көлемін қайта өңдеу және басқару бойынша айтарлықтай тәжірибеге ие екенін атап көрсетті.

Тараптар «ATEV» компаниясының ноу-хауын Қазақстанда қауіпсіз, тиімді және орнықты қайта өңдеу қуаттарын дамытуға пайдалану мүмкіндіктерін одан әрі зерделеуге қызығушылық білдірді. Ынтымақтастықтың ықтимал бағыттары ретінде логистика, өндірістік объектілер мен процестерді жобалау, сондай-ақ технологиялық шешімдер аталды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жұмыс деңгейіндегі консультацияларды жалғастыруға және өзара тиімді ынтымақтастықтың ықтимал форматтарын қарастыруға уағдаласты.