Қазақстан мен Мажарстан арасындағы энергетика саласындағы өзара іс-қимыл

Қазақстан мен Мажарстан  арасындағы энергетика саласындағы өзара іс-қимыл

Будапешт, 2025 жылғы 4 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы мен Мажарстанның Энергетика министрлігінің ЕО және халықаралық қатынастар мәселелері жөніндегі мемлекеттік хатшысының орынбасары Петер ХОЛИЦА мырзаның Қазақстан мен Мажарстан арасындағы энергетикалық ынтымақтастықты нығайтуға арналған кездесуі өтті.

Кездесу барысында тараптар мұнай-газ саласындағы өзара іс-қимылдың қазіргі жағдайы мен келешегін жан-жақты талқылады. Қазақстан тарапы мажарлық «MOL Group» компаниясымен серіктестіктің табысты дамып келе жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, қатысушылар 2024 жылы «ҚазМұнайГаз» және «MOL Group» өндіру, технологиялар және мұнай-химия салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту жөнінде стратегиялық келісімге қол қойғанын еске салды. 2025 жылы серіктестік одан әрі нығая түсті: шілде-тамыз айларында Қазақстан мұнайының алғашқы партиясы Хорватия аумағы арқылы «Адрия» мұнай құбыры бойынша Мажарстанға жеткізіліп, жалпы көлемі 85 мың тоннаны құрады.

Кездесуде бейбіт атом энергетикасы мен жасыл энергетика салаларындағы ынтымақтастық перспективалары жеке бағыт ретінде қарастырылды. Қазақстан тарапы Мажарстанның ірі энергетикалық компанияларының бірі - «MVM Group» компаниясымен өзара іс-қимылдың болашағы зор екенін атап өтті.

Тараптар инвестициялық ынтымақтастықты да талқылады. Мажарстан Қазақстанның маңызды инвестициялық әріптестерінің бірі болып табылады, ал Мажарстаннан тікелей инвестициялардың жиынтық ағыны 409 млн АҚШ долларынан асты. Қатысушылар энергетика саласын қамтитын бірлескен жобалардың тұрақты өсімін ерекше атап өтті. Бастапқы капиталы 100 млн АҚШ доллары құрайтын Қазақстан-Мажарстан бірлескен инвестициялық қорының құрылуы екіжақты ынтымақтастықтың маңызды кезеңіне айналды, ал ағымдағы бірлескен жобалар портфелі шамамен 700 млн АҚШ долларына жетті.

Келіссөздер барысында тараптар соңғы жылдары өзекті экономикалық мәселелерді талқылаудың маңызды алаңына айналған Үкіметаралық бірлескен комиссияның рөлін жоғары бағалады. Қазақстан тарапы Үкіметаралық комиссияның тоғызыншы отырысы келесі жылы Астанада өтіп, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі жандандыруға елеулі серпін беретініне үміт білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдетуге дайын екендігін растады, қол жеткізілген нәтижелерге қанағаттанатындықтарын білдірді және екіжақты диалогты бірізді түрде кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. Қазақстан мен Мажарстан экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту бағытындағы бірлескен жұмысын жалғастыра отырып, екі ел үшін ұзақ мерзімді даму мен өзара тиімділікке негіз болатын берік іргетас қалыптастыруға ниетті.