
Будапешт, 2025 жылғы 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы Мажарстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі Мемлекеттік хатшысы Имре Хубай мырзамен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Мажарстан арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды.
Тараптар мажар компанияларының Қазақстанның аграрлық секторын дамытуға қатысу мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, Қазақстанда құрама жем және премикс өндіру жобаларын жүзеге асыруды жоспарлап отырған UBM компаниялар тобының қызметі сөз болды. Мажар агробизнес компаниялары өсімдіктерді қорғау құралдары, генетика, ирригациялық технологиялар және азық-түлік өңдеу салаларындағы қазақстан-мажар бірлескен жобаларға белсенді қатысып жатқаны атап өтілді. Қазақстан мен Мажарстанда жүргізілген сорго, бидай, тритикале, арпа және жоңышқа бойынша экологиялық сынақтар оң нәтижелер көрсетткеніне де мән берілді.
Осы ретте, өсімдік және мал шаруашылығы салаларында тәжірибе алмасуды, сондай-ақ мажарлардың жоғары өнімді сорттары мен будандарын сынау жөніндегі жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруға кездесу барысында келісілді. Тұқым шаруашылығындағы халықаралық стандарттау саласындағы ынтымақтастыққа қызығушылық та сөз болды. Қазақстан үшін ЕО стандарттары мен осы саладағы басқа да нормативтерді қабылдау ерекше маңызға ие екендігі атап өтіліп, сорттық сертификаттау схемаларын енгізу және халықаралық саудадағы тұқым айналымын бақылау мәселелері қаралды.
Кездесуде логистикалық әріптестікті өзара тиімді кеңейту мәселесі де қаралды. Бұл бағыт қосымша мүмкіндіктер ашады: Мажарстан қазақстандық аграрлық өнімдер үшін Еуропаға шығатын қақпа бола алады, ал Қазақстан өз тарапынан Орталық Азия және Қытай нарықтарына қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
Отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті бойынша мәселе талқыланды. Атап айтқанда, Еуропа, соның ішінде Мажарстанның нарықтарына қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері мен биопродукция жеткізуге елеулі әлеуеттің бар екені ерекше атап өтілді. Сондай-ақ, Елші А.Сапарбекұлы мажар тарапын Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніндегі инвестициялық жобаларды іске асыруға белсенді қатысуға шақырды. Осы орайда, сүтті ірі қара шаруашылығын, құс шаруашылығын, тұқым шаруашылығын, ара шаруашылығын және қазақстандық АӨК-тің өзара байланысты бағыттары – өсімдік шаруашылығын, биожем мен биотыңайтқыштардың қарқынды дамып келе жатқан салаларын дамыту бойынша әртүрлі инвестициялық мүмкіндіктер таныстырылды.
Еліміздің инвестиция саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары, салықтық ынталандырулар және инфрақұрылымдық қолдау туралы ақпарат берілді.
Талқылау барысында ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық бағытында Қазақстан-Мажарстан Үкіметаралық комиссиясының жұмысы мен нәтижелері де атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша 2026 жылдың басында Мажарстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің делегациясының Қазақстанға сапарын ұйымдастыру туралы келісімге қол жеткізілді. Сапар барысында мажар сарапшылары инвестициялық перспективаларды зерттеп, қазақстандық нарықпен және агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау шараларымен таныса алады. Тараптар сондай-ақ екі елдің агроөнеркәсіптік секторын дамыту бойынша белгіленген бағыттарда ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.