
Будапешт, 2025 жылғы 20 қараша - Қазақстанның Мажарстандағы Елшілігінде Елші Абзал Сапарбекұлының Қазак су шаруашылығы және ирригация ұлттық университеті мен Мажарстандағы «Корвинус» университетінің екі дипломды магистрлік бағдарламасына қатысушы қазақстандық магистранттар және докторанттармен кездесуі өтті.
Топ құрамында Қазақстан Республикасының түрлі мемлекеттік органдарының қызметкерлері бар. Қазақстандық мамандарды «Корвинус» университетінің Орталық Азия зерттеулері орталығының атқарушы директоры, профессор, доктор Мартон Краснаи бастап жүрді.
Кездесу барысында су саласындағы білім беруді дамыту, халықаралық әріптестікті нығайту, «water governance» саласындағы кадрларды даярлау және су дипломатиясын ілгерілету мәселелері талқыланды.
Елші Абзал Сапарбекұлы еуропалық білім беру бағдарламаларына қазақстандық студенттердің қатысуының маңыздылығын атап өтіп, су ресурстарын басқару саласындағы құзыреттердің ұлттық су саясатының тиімділігін арттыруға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге тікелей ықпал ететінін атап өтті.
Сонымен қатар, бағдарлама Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың су саласының кадрлық әлеуетін нығайту жөніндегі тапсырмасына толық сәйкес келетіні, оның ішінде су дипломатиясы, халықаралық келіссөздер процесі және трансшекаралық бассейндерді басқару салаларында сараптаманы дамытуға бағытталғаны айтылды.
Анықтама: Қазак су шаруашылығы және ирригация ұлттық университеті мен «Корвинус» университетінің екі дипломды бағдарламасы бойынша су шаруашылығы, су дипломатиясы және «water governance» – су ресурстарын тұрақты басқарудың заманауи халықаралық тәсілдері бағыттары бойынша 13 қазақстандық магистрант білім алуда.
Оқу бағдарламасы су саясатын талдау, стратегиялық жоспарлау және трансшекаралық бассейндердегі мемлекетаралық өзара іс-қимыл дағдыларын қалыптастырады. Еуропалық «water governance» модельдеріне ерекше көңіл бөлінген – олар ғылыми деректерге, нормативтік-құқықтық құралдарға, институционалдық үйлестіруге және мүдделі тараптарды тартуға негізделеді.
Сабақтар табиғи ресурстар, су саясаты және халықаралық су менеджменті саласындағы Еуропаның жетекші орталықтарының бірі - Мажарстанның «Корвинус» университетінде өтеді. Студенттер: ЕО-дағы «water governance» модельдерін; халықаралық су құқығы мен трансшекаралық келісімдерді; су дауларын алдын алу және шешу механизмдерін; ашық басқару әдістері мен мүдделі тараптарды тарту тәсілдерін; су саясатын мониторингтеу және бағалау құралдарын оқиды.
Бұдан бөлек, оқыту процесіне Мажарстанның Энергетика министрлігі мен ұлттық су компаниясының сарапшылары қатысып, су жүйелерін басқарудың практикалық кейстері мен заманауи институционалдық модельдерін ұсынды.
Бағдарламаның маңызды элементі - Дунай бассейінін басқару тәжірибесі болды. Бұл халықаралық су ынтымақтастығының ең табысты үлгілерінің бірі саналады. Қазақстандық тыңдаушылар Дунай конвенциясының орындалуын үйлестіретін және ЕО бағдарламаларын іске асыратын профильдік мекемелерге, зерттеу орталықтарына және құрылымдарға барды.