
Будапешт, 2025 жылғы 24 қазан - Будапешт қаласында Мажарстандағы Қазақстанның Елшілігінің ұйымдастыруымен Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік шараға жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттер мен диаспора өкілдері қатысты.
Мерекелік шараның ашылуында Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы құттықтауы сөзін сөйлеп, осыдан 35 жыл бұрын қабылданған Егемендік декларациясының тарихи маңызына тоқталды. Елші осы тарихи құжат жеріміздің тұтастығы, ұлттық мәдениетіміз бен тіліміздің дамуы, халқымыздың тағдырын өзі айқындайтын құқығын бекіткенін және сол шешімнің арқасында бүгін біз өз тағдырымыздың иесі - егемен ел ретінде өмір сүрудеміз,"- деп атап өтті.
Елші еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жарқын жетістіктері мен даму жолындағы жаңа мақсат-мұраттары туралы баяндап, оны одан ары жалғастыру еңбекқор, білімді және жасампаз жастардың қолында екеніне сенім білдірді. Елші еліміз соңғы жылдары дамудың жаңа кезеңіне аяқ басып, интеллектуалды ұлт ретінде, адал еңбек пен парасатқа мән беретін, әділетті Қазақстан құруға ұмтылып жатқанын жеткізді.
Іс-шара қатысушылардың орындауында қазақтың әндері мен күйлерімен жалғасын тапты. Мажар орындаушылардың бірі Янурик Тимеа «Әлқисса», «Арыс жағасында» және «Ақ баян» шығармаларын орындап, ал Хусни Золтан домбырада әйгілі «Адай» күйін тартты. Бұған қоса, қазақ студенттер - Алима Ғабжалилова, Рахат Жанаахмет, Наргиз Кеңесова, Ерзат Нарима және Жанабай Айдана домбыра мен би өнерлерін паш етті. Олардың орындауында «Қорқыт», «Әлқисса», «Махамбет - Жұмыр қылыш» күйлері және қазақтың халық билері ұсынылды.
Іс-шарада ҚР Президентінің Мажарстанға сапарлары барысында ерікті болып, белсенділік танытқан біртоп жастарға Елші атынан Алғыс хаттар табыс етілді. Бұл — елімізден тыс жерде жүріп те отанына қызмет етіп жүрген жастарға деген құрметтің белгісі.
Сонымен қатар, қонақтар дәстүрлі қазақ ойындары - «Асық ату» және «Арқан тарту» сайыстарына қатысты.
Іс-шарада Жанаргүл Феньвеши жетекшілік еткен «Мажар-қазақ этноспорт және мәдениет қауымдастығының» тұсаукесері кесілді.
Мереке соңында Елшілік қызметкерлерінің жұбайлары дайындаған ұлттық тағамдар қонақтарға ұсынылып, жылы әңгіме, естеліктер мен таныстыққа толы кешке айналды.
Бұл бас қосу - шетелде жүрген жастарымыздың байланысын күшейтіп, қазақ-мажар достығын тереңдеткен маңызды мереке болды. Републикалық рухты Будапешт төрінде сезініп, елден жырақта болса да, Отанның жан жылуын бірге бөліскен кеш көпшіліктің жүрегінде сақталары сөзсіз.