Дебрецен, 2025 жылғы 18 қазан - Дебрецен қаласының мәдениет орталығында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, ҚР Мажарстандағы Елшілігінің, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының жанындағы «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің, сондай-ақ Дебрецен қаласының мэриясы мен «QazTrade» өкілдігі қолдауымен Қазақстан Республикасы күніне 35 жыл толуына орай мерекелік концерт өтті.
Іс-шараның ашылуында ҚР Мажарстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы мен Дебрецен қаласы мэрінің орынбасары Иштван Пушкаш мырза құттықтау сөз сөйледі.
Қазақстаның бас дипломаты осынан 35 жыл бұрын қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның тарихи маңыздылығын атап өтіп құжаттың ел тәуелсіздігінің құқықтық және институционалдық негізін қалағанын айтты. Ол Декларация тек Қазақстанның қазіргі тарихындағы жаңа кезеңнің бастау нүктесі ғана емес, сонымен қатар қазақ халқының саяси кемелділігінің, бірлігінің және бейбіт әрі жасампаз даму жолына ұмтылысының нышанына айналғанын ерекше атап өтті.
Өз кезегінде Дебрецен қаласы мэрінің орынбасары Қазақстан мен Мажарстан арасындағы мәдени ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп, шығармашылық шаралар халықтар арасындағы өзара түсіністік пен достықты, сондай-ақ гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ықпал ететінін айтты.
Концерт қала мәдени өмірінің жарқын оқиғасына айналды. Мажар көрермендер қазақтың ұлттық аспаптары - домбыра, қобыз және сыбызғының бірегей үнімен қызыға танысты. Концерт бағдарламасы Ұлы Даланың дәстүрлі әуендерін, заманауи аранжировкаларды және этно-джаз элементтерін қамтып, ұлттық және түрік халықтарының музыкалық өнердің заманауи дамуын көрсетті.
Іс-шараның басты мақсаты - Республика күнін атап өту, Қазақстан мен Мажарстан арасындағы мәдени байланыстарды нығайту және қазақтың музыкалық мұрасын шетелде кеңінен насихаттау.
Анықтама: 2025 жылғы 12-19 қазан аралығында «TURAN» этно-фольклорлық ансамблі Сербия, Болгария, Румыния, Мажарстан және Албания елдерінде концерттер өткізіп, шетелдік тыңдармандарға қазақтың дәстүрлі музыкасының өзіндік және көпқырлы әлемін ұсынуда.
Айта кету керек, «Тұран» этнофольклорлық ансамблі бүгінде түркі әлемінің музыкалық брендіне және қазақстандық мәдениеттің інжу-маржанына айналған. Ұжым өз қызметі барысында әлемнің 70-тен астам елінде 600-ден астам концерт өткізіп, Нью-Йорктегі Carnegie Hall, Вашингтондағы Kennedy Center, Берлиндегі Konzerthaus, Канндағы Palais des Festivals et des Congrès, Париждегі Salle Cortot, сондай-ақ Мәскеу консерваториясының Үлкен залы мен Мариин театрының концерт залында өнер көрсетті.
Ансамбль 2008 жылы музыканттардың өз бастамасымен құрылды. Ұжымның басты мақсаты - көне қазақ аспаптарының үні мен көмеймен айту дәстүрін жаңғыртып, оларға жаңа өмір және заманауи сипат беру. Музыканттар көшпелі мәдениеттің бай мұрасын бүгінгі заманның энергиясымен үйлестіріп, әрбір концертті дала рухының терең әлеміне саяхатқа айналдырады. Ансамбль құрамында дарынды мультиаспапшылар - Серік Нұрмолдаев, Мақсат Медеубек, Бауыржан Бекмұханбетов, Ержігіт Әлиев және Жанту Дадабаев бар. Әрқайсысы 30-дан астам дәстүрлі музыкалық аспапты меңгерген.