Лакителек қ., 2025 жылғы 1 қазан - Мажарстан Ұлттық Ассамблеясының (Парламенті) төраға орынбасары мырза Шандор Лежактың шақыруымен Мажарстандағы Қазақстан Республикасының Елшілігінің командасы «Lakitelek Népfőiskola» спорт кешенінде өткен футгольф турнирінің алғашқы ойындарына қатысты.
Турнирге Қырғызстан мен Әзербайжан дипломатиялық өкілдіктерінің қызметкерлері, сондай-ақ Мажарстан жоғары оқу орындарында білім алып жатқан Орталық Азия елдерінің студенттері қатысты.
Іс-шара достық және спорттық рухта өтіп, дипломатиялық корпус пен өңір жастары арасындағы ынтымақтастық пен бейресми қарым-қатынасты нығайтудың тиімді алаңына айналды.
Айта кету керек, Мажарстан Парламенті төраға орынбасары Шандор Лежак мырза елде бұл спорт түрінің дамуын белсенді қолдап келеді. Оның қолдауымен «Lakitelek Népfőiskola» кешенінде футгольфке арналған заманауи алаң салынды. Бұл алаң елдер арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған спорттық және мәдени іс-шаралардың орталығына айналды.
Турнир қорытындысы бойынша ҚР Елшілігі командасы топтық есепте бірінші орынды, ал жеке біріншілікте үшінші орынды иеленді.
Анықтама: Футгольф - футбол мен гольф элементтерін біріктіретін спорт түрі. Ойыншы диаметрі 53 см болатын 9 немесе 18 тесіктен тұратын алаңды мүмкіндігінше аз соққымен футбол добын әр тесікке енгізу арқылы өтеді. Жарыстар футгольфке арнайы бейімделген алаңдарда өткізіледі.