2025 жылғы 25 тамыз, Будапешт – Қазақстанның Мажарстандағы Елшілігінде «Cardinal Számítástechnikai Kft.» компаниясының даму жөніндегі басшысы мырза Роберт Немшичпен кездесу өтті. Келіссөздердің басты тақырыбы – Қазақстанда онлайн-банкинг саласында озық шешімдерді енгізу мәселесі болды.
«Cardinal» компаниясы Мажарстанның финтех нарығында 30 жылдан астам уақыт бойы көш бастап келеді. Оның негізгі өнімі – Electra платформасы – елдегі B2B онлайн-банкинг нарығының 90%-дан астамын қамтып, жетекші банктер тарапынан кеңінен қолданылады.
Кездесу барысында тараптар Қазақстанның қаржы секторының цифрлық трансформациясы бағытындағы ықтимал ынтымақтастықты талқылады. Әсіресе, «Cardinal» шешімдерін Қазақстанда жергіліктендіру, жұмыс орындарын құру және технологияларды беру әлеуетіне баса назар аударылды. Бұл қадам елдің банк жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға септігін тигізеді.
Қазақстан Республикасының Елшісі атап өтті: «Қазақстандық банктер заманауи цифрлық сервистерді белсенді түрде енгізіп жатыр. Жарқын мысал – Kaspi Bank жетістігі, ол бүкіл өңір үшін инновация үлгісіне айналды. Біз Electra сынды шешімдерге қызығушылықтың артып келе жатқанын байқап отырмыз. Мұндай технологияларды Қазақстанда жергіліктендіру қаржы қызметтерінің сапасын арттырып қана қоймай, елімізді өңірлік финтех хабына айналдыруға мүмкіндік береді».
Келіссөздер барысында «Cardinal» компаниясының «Astana Finance Days» форумына қатысуы және Қазақстан мен Орталық Азияда қаржы технологияларын дамытуға бағытталған бірлескен инвестициялық бастамаларды іске асыру мәселелері қарастырылды.
«Cardinal» өз кезегінде қазақстандық банктермен және қаржы институттарымен ықтимал ынтымақтастық форматтарын зерделеуге, сондай-ақ Қазақстан нарығында өз өкілдігін ашу мүмкіндіктерін қарастыруға дайын екенін білдірді.