Будапешт, 2025 жылғы 10 тамыз – Ұлы ойшыл, ақын және ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойын атап өту аясында Елші Абзал Сапарбекұлы салтанатты жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан ұлттық аспап – цитераның шебері, докторант Тимея Янурикке «Шапағат» медалін табыс етті.
Бұл марапат - Тимея ханымның: Қазақ мәдениетін насихаттаудағы үздіксіз еңбегі, Қазақтың әні мен күйін өз елінде және шетелде танытуы, Халықтар достығын нығайтуға қосқан зор үлесі үшін берілді.
Соңғы екі жылда Тимея Янурик көптеген мәдени іс-шараларда өнер көрсетіп, қазақтың «Ақ баян» әнін және «Әлқисса» күйін цитерада шебер орындап, тыңдарман жүрегін баурады. 2024 жылы ол Астанада өткен V Дүниежүзілік Көшпенділер ойынына Мажарстан құрамында қатысып, «Ұлы дала дүбірі» сахнасында қазақ тілінде ән шырқап, күй тартып, қонақтарға шаттық сыйлады.
Бүгінгі «Шапағат» медалі – оның өнердегі, мәдениеттегі және достық көпірін қалаудағы қажырлы еңбегінің лайықты жемісі.
Тимея Янурик Мажарстаның Ньиредьхаза университетінде музыка және халық мәдениеті мамандығы бойынша білім алған. Қазіргі таңда Эстергомдағы Католик университетінің докторанты. Цитерада ойнаудың шебері ретінде Ирландия, Чехия, Түркия, Мальта және Испаниядағы этникалық музыка жобаларына қатысқан. 2022 жылдан бастап Ф.Шопен атындағы музыкалық мектепте цитерадан сабақ береді. Халық әндері мен дәстүрлі музыка арқылы халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайтуға ерекше үлес қосып келеді.