Қазақстан Елшісі Мажарстанмен қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Қазақстан Елшісі Мажарстанмен қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Будапешт, 2025 жылғы 22 шілде – Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Мажарстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің Биоәртүрлілік пен гендік қорды сақтау департаментінің директоры Левенте Кёрёшимен кездесті.

Кездесу барысында тараптар қоршаған ортаны қорғау, тұрақты ауыл шаруашылығы және биоәртүрлілікті сақтау салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Әсіресе, сайғақ популяциясын сақтау және осы салада екі елдің мамандандырылған мекемелері арасындағы ынтымақтастық орнату мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Осыған орай, Абзал Сапарбекұлы Қазақстанда сайғақтарды қорғау мен санын қалпына келтіру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабарлап, бұл бағыттағы халықаралық бастамаларда мажар тарапынан қолдау болатынына үміт білдірді. Сонымен қатар, Елші 2025 жылғы маусымда Пржевальский жылқыларын Мажарстандағы Хортобадь қорықтарынан Қазақстанға жеткізу бойынша Мажарстанмен жемісті ынтымақтастықты атап өтті.

Анықтама: Бұл жабайы жылқылардың әлемдегі ең ірі популяциясы (265 бас) Мажарстанда тіркелген. Қазақстанда жабайы жылқылар популяциясын қалпына келтіру жобасы 2024 жылы Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бастамасымен, Прага хайуанаттар бағы, Қазақстан биоәртүрлілігін сақтау қауымдастығы, Франкфурт зоологиялық қоғамы, Нюрнберг және Берлин хайуанаттар бағы, сондай-ақ Мажарстандағы Хортобадь ұлттық паркімен бірлесіп іске қосылды.

 

Өз кезегінде, Левенте Кёрёши Мажарстанның көпжақты табиғатты қорғау платформалары аясында Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін растап, практикалық өзара іс-қимыл жасауға дайын екенін білдірді.

Кездесу конструктивті атмосферада өтіп, табиғатты қорғау және тұрақты даму саласындағы Қазақстан мен Мажарстан арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделілікті көрсетті.