Қазақстан мен Мажарстан шетелдегі диаспораларды қолдау саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады

Қазақстан мен Мажарстан шетелдегі диаспораларды қолдау саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады

Будапешт, 2025 жылғы 15 шілде — ҚР Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Мажарстан Премьер-министрі Кеңсесінің ұлттық саясат мәселелері жөніндегі мемлекеттік хатшысы, Ұлттық жиналыс депутаты Лёринц Начамен кездесіп, гуманитарлық саладағы екіжақты қарым-қатынастардың өзекті мәселелерін талқылады.

Абзал Сапарбекұлы мажар саясаткерге Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси-әлеуметтік өзгерістер мен азаматтық саладағы демократиялық реформалар туралы айтып, елдің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерімен таныстырды.

Өз кезегінде Лёринц Нача Мажарстан Қазақстанмен қарым-қатынасқа жоғары мән беретінін атап өтіп, еліміздегі өзекті реформаларға қолдау білдірді.

Тараптар шетелдегі диаспораларды қолдау және осы саладағы гуманитарлық бастамаларды іске асыру бойынша тәжірибе алмасу мүмкіндіктері туралы пікір алмасты. Әсіресе, шетелде тұратын отандастарды қолдау және мәдени бірегейлікті сақтау бағытындағы бағдарламалар мен іс-шараларды ұйымдастырудағы тәжірибе алмасуға баса назар аударылды.

Мажар тарапы мемлекеттік қолдаудың негізгі бағыттарын, оның ішінде «Кёрёши Чомо Шандор», «Петефи Шандор» бағдарламаларын және шетелдегі мажар білім беру мекемелерін дамыту бастамаларын таныстырды. Бұл бағдарламалар мажар қауымдастықтарымен байланыстарды нығайтуға, мажар тілі, мәдениеті мен тарихын оқытуға, сондай-ақ академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.

Өз кезегінде Елші Лёринц Начаға дүниежүзілік қазақ диаспорасын қолдауға маманданған «Отандастар қорының» қызметін егжей-тегжейлі таныстырды. Әсіресе тарихи Отанына оралған қандастарды қолдауға бағытталған бағдарламаларға, оның ішінде интеграция, білім беру және жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты гуманитарлық және мәдениетаралық ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті екендіктерін растады және шетелдегі этникалық қауымдастықтарды қолдау мен осы саладағы мемлекетаралық өзара іс-қимыл тетіктерін дамыту бойынша келіссөздерді жалғастыруға уағдаласты.