Будапешт, 2025 жылғы 14 шілде – Ядролық физика институтының (бұдан әрі – «ЯФИ») бас директоры, профессор Саябек Сахиев пен Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы мырза Будапешт қаласында орналасқан Мажарстан Ғылым академиясының Энергетикалық зерттеу институтына («HUN-REN») ресми сапармен барды.
Сапар аясында қазақстандық делегация «HUN-REN» бас директоры, физика-математика ғылымдарының докторы Акош Хорватпен кездесті. Кездесу барысында атом саласын дамытуға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Институттар арасындағы ынтымақтастықтың ерекше қызығушылық тудыратын бағыты – ядролық зерттеу реакторларын бірлесе пайдалану.
Кездесу қорытындысы бойынша «ЯФИ» мен «HUN-REN» арасында келесі бағыттар бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды: медицинаға арналған радиоизотоп өнімдерін өндіру технологияларын әзірлеу; ядролық криминалистика бойынша бірлескен оқу-жаттығулар өткізу; атом саласына кадрлар даярлау.
Сол күні профессор Саябек Сахиев пен Елші Абзал Сапарбекұлы нейтрондық технологияларды әзірлеуге маманданған «Mirrotron Ltd» компаниясының кеңсесіне де барды. Қазақстандық делегация компанияның атқарушы директоры, профессор Ференц Мезеи және Будапешттегі Нейтрондық физика орталығы жобасының жетекшісі, профессор Ласло Роштамен кездесті. Олар делегацияны Орталықта өндірілетін негізгі өнім түрлерімен таныстырды: зерттеу реакторларына арналған нейтронды бағыттаушылар, суперайна және нейтрон детекторлары.
Жалпы, тараптар консультацияларды жалғастыруға, ықтимал ынтымақтастық форматтары бойынша мазмұнды келіссөздер жүргізуге және осы жылдың күзінде мажар тараптың Қазақстанға сапарын ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруға уағдаласты.