Будапешт, 2025 жылғы 27 маусым. Қазақстанның Елшісі Абзал Сапарбекұлы мажарлық Bábolna TETRA компаниясының халықаралық байланыстар жөніндегі директоры Габор Сереш мырзамен кездесті.
Bábolna TETRA компаниясы — жұмыртқа бағытындағы будандарды өсіру және генетика саласындағы әлемдік деңгейдегі танымал көшбасшылардың бірі. Компанияның ұзақ жылдық тарихы, инновациялық технологиялары және кең экспорттық географиясы бар.
Кездесу барысында тараптар Қазақстанда ата-енелік құс пен генетикалық материал өндірісін жергіліктендіру, сондай-ақ өсіру, инкубация және дистрибуция бойынша бірлескен қуаттарды құру мүмкіндіктерін талқылады. Ерекше назар импортқа тәуелділікті азайту және азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мақсатында инвестициялық ынтымақтастыққа аударылды.
Елші Қазақстандағы құс шаруашылығының оң даму серпіні туралы хабардар етті. 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елде 68 құс фабрикасы және 45,7 млн құс басы тіркелген. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 360 мың тонна құс еті және 4,5 млрд дана тауық жұмыртқасы өндірілді. Сала мемлекет тарапынан қолдауға ие: инвестициялық субсидиялар аясында асыл тұқымды репродукторлар салу және кеңейтуге жұмсалған шығындардың 40%-на дейін өтемақы қарастырылған.
Осы үрдісті ескере отырып, Елші Bábolna TETRA компаниясымен бірлескен инвестициялық жобаны іске асырудың өзектілігін атап өтіп, оны жүзеге асыру үшін Kazakh Invest және тиісті мемлекеттік органдар тарапынан жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Bábolna TETRA өкілдері көрсетілген қызығушылық үшін алғыстарын білдіріп, Қазақстанның инвестициялық әлеуетін зерделеуге және одан әрі диалогты жалғастыруға ниетті екендерін растады.
Тараптар консультацияларды жалғастыру, ықтимал ынтымақтастық форматтары бойынша нақты келіссөздер жүргізу және компания өкілдерінің Қазақстанға 2025 жылдың күзіне сапарын ұйымдастыру мәселесін қарастыру жөнінде уағдаласты.