Цифрлық банкинг жөніндегі диалог: Gránit Bank өкілдерімен Будапешттегі кездесу

Цифрлық банкинг жөніндегі диалог: Gránit Bank өкілдерімен Будапешттегі кездесу

Будапешт, 2025 жылғы 24 маусым. Мажарстандағы Қазақстан Елшілігінде Gránit Bank — Мажарстанның жетекші цифрлық банктерінің бірі — өкілдерімен кездесу өтті.

Кездесу барысында тараптар екі елдің банктік экожүйесін талқылады. Gránit Bank өкілдері банктің қызметімен таныстырып, цифрлық шешімдерге, клиенттерге көрсетілетін қызмет шарттарына және инновациялық қаржы өнімдеріне баса назар аударды. Қашықтан шот ашу, онлайн несие рәсімдеу және мобильді қосымша арқылы шоттарды басқару мүмкіндіктері ерекше қызығушылық тудырды.

Елші Абзал Сапарбекұлы Қазақстандағы банктік сектордың дамуымен бөлісті. Ол қазақстандық банктердің цифрлық технологияларды белсенді түрде енгізіп жатқанын атап өтті. Бұл қаржылық қызметтерді кең ауқымды клиенттерге, соның ішінде шетелдік серіктестер мен инвесторларға да қолжетімді әрі ыңғайлы етеді.

Кездесу өзара тәжірибе алмасу мен қаржы-банк саласындағы ықтимал ынтымақтастық үшін жақсы негіз қалады.