Гёдёллё, 2025 жылғы 23 маусым. Қазақстан Елшісі Абзал Сапарбекұлы Мажарстанның Ауыл шаруашылығы және тіршілік туралы ғылымдар университетінің (Hungarian University of Agriculture and Life Sciences, MATE) бас кампусына ресми сапармен барды. Бұл университет Орталық Еуропадағы агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ең ірі ғылыми-білім беру орталықтарының бірі болып саналады.
Сапар аясында университеттің ректоры, профессор, доктор Чаба Дьюридцамен кездесу өтті. Тараптар академиялық алмасу, дала тағылымдамалар, технологиялық шешімдерді енгізу және бірлескен өндірістерді дамыту сияқты ынтымақтастықтың түрлі бағыттарын талқылады.
Кездесу барысында «MATE» тек білім беру мен ғылыми қызметпен ғана емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығына арналған қолданбалы шешімдерді әзірлеу және коммерцияландыру саласында белсенді жұмыс істейтіні атап өтілді. Университет тұқым шаруашылығымен, экологиялық таза тыңайтқыштар мен биопрепараттарды ілгерілетумен, сондай-ақ дрондарды пайдалану және мобильді зертханалармен бірге нақты егіншілік жүйелерін енгізумен айналысады. Көптеген шешімдер мажар агроөнеркәсіптік компанияларымен ынтымақтастықта әзірленіп, Мажарстанда да, шетелде де қолданыс табуда.
Тараптар сондай-ақ 2024 жылғы қарашада Қазақстан Президентінің Будапештке ресми сапары аясында Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі, «MATE» және мажарлық «LAC Holding» компаниясы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғанын атап өтті. Құжат Қазақстанда жүгері тұқымын бірлесіп өндіретін кәсіпорын құруды көздейді — бұл ғылым мен нақты сектор тоғысындағы бизнес-жобалардың бірі болып табылады.
Университет ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, оның ішінде картоп өсіру, бағбандық, мал шаруашылығы, жемшөп өндірісі және агротехнологиялар сияқты басқа да бағыттар бойынша жұмыс істеуге мүдделі екенін білдірді. «MATE» сонымен қатар өз әзірлемелерін Қазақстанда жергіліктендіру және Орталық Азия нарықтарына бірлесіп шығу мүмкіндіктерін қарастыруда.
Елші университет басшылығын Қазақстанға қарсы сапармен келіп, білім беру және салалық серіктестермен тікелей байланыс орнатуға, сондай-ақ бірлескен жобаларды Қазақстан аумағында талқылауға шақырды.
Тараптар ғылыми сараптама, білім беру әлеуеті және бизнес тәсілдердің үйлесімі орнықты әрі өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашады деген сенім білдірді.