Су технологияларындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту

Су технологияларындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту

Будапешт, 2025 жылғы 18 маусым — Қазақстан Елшісі Абзал Сапарбекұлы «Hungarian Water Partnership» (HWP) ұйымының өкілі Золтан Хорватпен кездесті. Тараптар ауызсу, кәріз жүйелері және су ресурстарын орнықты басқару салаларындағы ықтимал ынтымақтастықты талқылады.

«Hungarian Water Partnership» — су саласындағы инновациялық әрі экспортқа бағдарланған шешімдерге маманданған 20-дан астам мажар компаниясын біріктіретін салалық кластер. Ұйым білім алмасуды, технологиялық жаңалықтарды ілгерілетуді және мажар су шешімдерін шетелдік нарықтарға шығаруды қолдайды.

Кездесу барысында Елші Қазақстанның су саласында жүргізіп жатқан реформалары туралы ақпарат берді. 2025 жылы елде жаңа Су кодексі қабылданып, ауқымды жаңғырту бағдарламасы басталды. Қазіргі таңда 3 400 шақырымнан астам суару арналарын қалпына келтіру, төрт жаңа су қоймасын салу және отызын жөндеу жұмыстары қолға алынған. Ауыл тұрғындарының 97%-дан астамы таза ауызсумен қамтамасыз етілген, ал 2025 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу көзделіп отыр.

Тараптар ықтимал ынтымақтастық бағыттарын талқылады. Елші су технологияларына арналған Қазақстан-Мажарстан бизнес-форумын ұйымдастыруды ұсынды. Сонымен қатар, Қазақстанның ауылдық елді мекендерінің бірінде мажарлық мобильді тазарту және кәріз жүйелері шешімдерін қолдана отырып пилоттық жобаны іске асыру бастамасы айтылды. Мұндай жоба өзге аймақтарға таратуға болатын үлгіге айналуы мүмкін.

Золтан Хорват Қазақстан тарапымен тығыз байланыс орнатуға мүдделі екенін білдіріп, мажарлық модульдік жүйелер мен орнықты су шешімдерінің өзектілігін атап өтті.

Кездесу соңында тараптар ұсыныстарды нақтылау және HWP делегациясының Қазақстанға сапарын ұйымдастыру мақсатында Kazakh Invest пен тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.