Будапешт, 2025 жылғы 17 маусым — Қазақстанның Мажарстандағы Елшілігінде «i-Cell Mobilsoft Zrt.» компаниясының иесі, танымал мажар кәсіпкері Габор Эмёри мырзамен кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар көлік инфрақұрылымын цифрландыру, зияткерлік көлік жүйелерін енгізу және төлем жүйелерін жаңғырту бағыттарындағы ықтимал ынтымақтастық форматтарын талқылады. Әсіресе, қазақстандық серіктестермен бірлескен жобалар аясында республикалық маңызы бар автожолдарда заманауи технологияларды қолдану мүмкіндігіне назар аударылды.
«i-Cell Mobilsoft» компаниясы Эмёри мырзаның басшылығымен Мажарстанда телематикалық шешімдер мен мобильді төлем жүйелерін әзірлеу саласындағы көшбасшы ретінде танылған.
Елші Абзал Сапарбекұлы Қазақстан тарапы шетелдік технологиялық серіктестермен өзара тиімді әрі ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін атап өтіп, бірлескен бастамаларға институционалдық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Кездесу соңында тараптар нақты жобалар бойынша консультацияларды жалғастыруға келісті.