Будапешт, 2025 жылғы 3 маусым — Pureco Ltd. компаниясының орталық кеңсесінде Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлының сумен жабдықтау, ағынды суларды тазарту және нөсер суларды басқару саласындағы орнықты шешімдерге маманданған компания басшылығымен кездесуі өтті.
Келіссөздер барысында тараптар Қазақстанда сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту шеңберіндегі ықтимал ынтымақтастықты, оның ішінде шалғай және ауылдық өңірлерде заманауи технологияларды енгізу мәселелерін талқылады. Әсіресе, өндірісті жергіліктендіру, техникалық әріптестік орнату, сондай-ақ компанияның Қазақстан Республикасындағы экологиялық бағыттағы жобаларға қатысу мүмкіндіктері ерекше назарда болды.
Елші 2025 жылы Қазақстанда жаңа Су кодексі қабылданғанын атап өтті. Бұл құжат су ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыруға, цифрлық шешімдерді дамытуға, суды қайта пайдалану тәжірибесін енгізуге, сондай-ақ климаттық және инфрақұрылымдық сын-қатерлер жағдайында тұрақты сумен қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған.
Pureco Ltd. компаниясының басшылығы қазақстандық нарықты зерттеуге және жобаларға қатысу мүмкіндігін қарастыруға мүдделілік білдірді. Атап айтқанда, олар модульдік су тазарту жүйелерін, ағынды суларды биологиялық өңдеу технологияларын, сондай-ақ жаңбыр суларын жинау және қайта пайдалану шешімдерін енгізу мүмкіндіктерін қарастыруға дайын екендерін білдірді.
Тараптар Kazakh Invest-тің үйлестіруімен өзара іс-қимылды жалғастыруға келісті. Атап айтқанда, инвестициялық ұсыныс әзірлеу, Қазақстан өңірлеріндегі логистикалық және өндірістік мүмкіндіктерді талдау, сондай-ақ компания өкілдерінің Қазақстанға сапарын ұйымдастыру арқылы ықтимал өндірістік алаңдарды зерделеу жоспарлануда.