Қазақстандық «SCAT» әуе компаниясы Шымкент–Будапешт–Шымкент бағыты бойынша тікелей әуе қатынасын бастады

Қазақстандық «SCAT» әуе компаниясы Шымкент–Будапешт–Шымкент бағыты бойынша тікелей әуе қатынасын бастады

Будапешт, 2025 жылғы 27 мамыр — Будапешт қаласындағы Ференц Лист атындағы халықаралық әуежайда қазақстандық «SCAT» әуе компаниясының Шымкент қаласынан орындалған алғашқы тұрақты рейсі салтанатты түрде қабылданды. Тікелей әуе бағытының ашылуына арналған рәсім шеңберінде ұшақ баспалдағында лентаны қию салтанаты өтті. Бұл шара Қазақстан мен Мажарстан арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін білдіретін маңызды символға айналды.

Осы айтулы оқиғаға орай, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен іскерлік қауым өкілдерінің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы өз сөзінде аталған рейстің іске қосылуы сауда, инвестиция, туризм, мәдениет және гуманитарлық алмасу сияқты негізгі бағыттар бойынша екіжақты ынтымақтастықтың кеңеюіне тың серпін беретініне сенім білдірді. Сонымен қатар, ол Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр қараша айында Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанның ресми шақыруымен жүзеге асырған мемлекеттік сапары екі ел арасындағы жылы әрі сенімді қарым-қатынастың жемісі екенін атап өтті. Осыған байланысты Елші Мемлекет басшысының жуырда ғана Будапештке қайта келіп, Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысқанын ерекше атап өтті. Бұл жайттар екі елдің де өзара серіктестікті тереңдетуге ерекше мән беріп отырғанының айқын дәлелі болып табылады.

Өз кезегінде «SCAT» әуе компаниясының коммерциялық директоры Николай Буряков екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамуын және компанияның Қазақстан мен Мажарстан арасындағы әуе байланысын орнатуға қосқан үлесін ерекше атап өтті. Ол жаңа бағыт бойынша рейстер аптасына екі рет — сейсенбі және сенбі күндері орындалатынын айтты. Бұл бағыттың ыңғайлы кестесі мен бәсекеге қабілетті тарифтері туристер мен іскер азаматтар үшін де тартымды болмақ.

Мажарстан Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Левенте Мадьяр екі ел арасындағы туризм мен гуманитарлық алмасудың кеңеюі қолайлы саяси ахуал мен халықаралық аренадағы белсенді өзара іс-қимылдың, соның ішінде Будапештте өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінің нәтижесі екенін атап өтті. Ол «SCAT» әуе компаниясына Будапештке алғашқы рейсті жүзеге асырғаны үшін алғыс білдіріп, болашақта рейстердің жиілігі артатынына үміт білдірді.

Шара соңында қатысушылар жаңа бағыттың табысты болатынына сенім білдіріп, қазақстандық әуе компаниясының кәсібилігі мен икемділігін жоғары бағалады.