Бухарестте Наурыз мерекесі аталып өтті

Бухарестте Наурыз мерекесі аталып өтті

Румыния астанасында Наурыз мерекесіне орай Қазақстан, Түрікменстан, Түркия, Иран және Үндістан елшіліктері бірлескен салтанатты іс-шара өткізді.

Аталған кешке болу елі министрліктерінің өкілдері, Парламент депутаттары, Бухарестте аккредиттелген дипломатиялық миссиялардың басшылары, БАҚ өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, сондай-ақ Румыниядағы қазақ диаспорасы мен білім алып жүрген студенттеріміз қатысты.

Қазақстан елшісі Е.Әли өз құттықтау сөзінде  Наурыз мерекесін атап өтудің халық үшін маңыздылығына тоқталып, биылдан бастап бұл мереке "Наурызнама" атымен жаңа форматта тойланатынын атап өтті.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломат Түркі халықтары ежелгі заманнан бері бейбітшілік пен келісімді дәріптейтін осы мереке соңғы жылдары халықаралық мәртебеге ие болғандығы туралы мәлімдеді. Ол Наурыз мерекесі бабалар дәстүрін жалғастыруға, ұлттар арасындағы достық пен бейбітшілікті нығайтуға, және де мемлекеттердің мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдарын тереңдетуге мүмкіндік беретіндігін сөзіне тиек етті.

Мәдени іс-шара қазақстандық музыканттардың мерекелік концертімен жалғасты. Өнерпаздар дәстүрлі және заманауи қазақ әндері мен күйлерін, сонымен бірге румын шығармаларын шырқады. Домбыра, жетіген және қобыз секілді ұлттық аспаптармен орындалған Абай мен Құрманғазының “Көзімнің қарасы”, “Балбырауын”, және “Адай” шығармалары, сондай-ақ “Бүлдірген” және “Жыр шашу” секілді халық туындылары көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.

Салтанатты бөлімнен кейін Елшілік ұлттық тағамдарға толы дастархан жайды. Қонақтар Наурыз көже мен қазақтандық кондитерлік өнімдердің дәмін татуға мүмкіндік алды.

Ұлттық стендке халқымыздың зергерлік бұйымдары, киімдері, тұрмыстық заттары, сондай-ақ Қазақстанның тарихы мен мәдениеті туралы басылымдар қойылды.