Қазақстан алғаш рет Халықаралық электр байланысы одағының жоғары лауазымына сайланды

Қазақстан алғаш рет Халықаралық электр байланысы одағының жоғары лауазымына сайланды

4 қазан 2022 ж., Бухарест – 2022 жылғы 26 қыркүйек пен 14 қазан аралығында Румынияда Халықаралық электр байланысы одағының Өкілетті конференциясы (ITU PP-22) өтуде. Өкілетті конференция ХЭО-ның жоғары шешім қабылдайтын органы болып табылады, оның шеңберінде Одақтың жалпы саясаты айқындалады, төрт жылдық стратегиялық және қаржылық жоспарлар қабылданады, сонымен қатар Ұйымның жоғары басшылығы, кеңеске мүше мемлекеттер және Радионы реттеу кеңесінің мүшелері сайланады (ӨК төрт жыл сайын өткізіледі).

2022 жылғы 3 қазанда С аймағынан Радио реттеу комитетіне сайлаудың қорытындысы бойынша «Мемлекеттік радиожиілік қызметі» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Ризат Нұршабеков сайланды (Ресей, Словакия және Өзбекстан өкілдерінен озды).

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында бірінші рет еліміздің өкілі ХЭО-да осындай жоғары лауазымға ие болды. Атап айтқанда, Радио реттеу кеңесі ХЭО-нің негізгі бөлімшелерінің бірі болып табылады және спутниктік жүйелер, ұялы байланыс, теледидар сияқты әртүрлі қолданыстағы және перспективалық технологияларды пайдалануын халықаралық реттеуде маңызды рөл атқарады. Осы орайда Қазақстанның Радио реттеу комитетіне мүше болуы еліміздің бұл ұйымдағы беделін күшейтеді.

Жалпы, Қазақстан өкілдері ХЭО сарапшы және басқару органдарының отырыстарына, Дүниежүзілік конференциялардың жұмысына және басқа да маңызды шараларға белсенді қатысуда. Сонымен бірге, ХЭО-мен ынтымақтастық Ұйым қызметінің нәтижелерін және басқа елдердің әзірлемелерін телекоммуникация саласын дамыту үшін пайдалануға, коммуникацияны дамытудың бірыңғай саясатын жоспарлау мен әзірлеуге, жаңа телекоммуникациялық және ақпараттық технологияларды нарыққа шығару туралы шешімдер қабылдау процесіне қатысуға мүмкіндік береді.

 

Анықтама: Радио реттеу кеңесі Өкілетті конференцияда мүше мемлекеттер ұсынған кандидаттар арасынан сайланған 12 мүшеден тұрады.

Комитет мүшелері бес әкімшілік аймақтан сайланады: А аймағы – Америка (2 орын), В аймағы – Батыс Еуропа (2 орын), С аймағы – Шығыс Еуропа және БСАД елдері (2 орын), D аймағы – Африка (3 орын), Е аймағы – Азия және Австралия (3 орын).