Бухаресттегі дөңгелек үстел Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге арналған бірқатар іс-шараларды ашты

Бухаресттегі дөңгелек үстел Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге арналған бірқатар іс-шараларды ашты

2021 ж. 25 ақпан, Бухарест - Бүгін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге арналған онлайн дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Румыния Парламентінің депутаттары мен Сыртқы істер министрлігінің басшылығы, сондай-ақ болу елінің ғылыми және сарапшылық топтарының, бизнес-қоғамдастықтары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Өз сөзінде Елші Нұрбах Рүстемов бұл атаулы күннің барша Қазақстан халқы үшін маңыздылығын, сондай-ақ Тұңғыш ҚР Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың заманауи мемлекет құрудағы басты рөлін атап өтті.

Сонымен бірге, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстандағы жан-жақты саяси реформаларды жүзеге асыру жөніндегі бастамалары  баяндаманың маңызды тақырыбы болды. Атап айтқанда, саяси партиялар құру үшін тіркеу кедергісін төмендету, партиялық тізімдерге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізу, Парламент Мәжілісінде орын алу шегін 7%-дан 5% - ға дейін төмендету, жала жабуды декриминализациялау және басқа да маңызды реформалар.

Өз кезегінде, дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстанды келе жатқан мерейтой күнімен құттықтап, халқымызға табыс пен бақ-береке тіледі.

Осылайша, Румынияның бұрынғы Президенті Эмиль Константинеску Қазақстанға алғашқы сапарын және Елбасымен кездесуін жылы лебізбен еске алды, сондай-ақ тарихи өлшем бойынша қысқа мерзім ішінде біздің мемлекетіміздің дамуындағы қол жеткізілген прогресті жоғары бағалады.

Румыния Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Дан Некулаеску Қазақстан Румынияның Орталық Азиядағы негізгі әріптесі болып табылатынын және белсенді саяси диалог орнатылғанын атап өтті. Сонымен қатар, румын дипломаты Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссия қызметі аясында тиімді өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті - соңғы отырысы 2020 жылдың қазан айында өтті.

Румыния заңнамалық кеңесінің президенті Флорин Йордаке Қазақстанда жүргізіліп жатқан қоғамды демократияландыру және жаңғырту жөніндегі реформаларды қолдады.

Парламенттің сыртқы саясат жөніндегі комитетінің төрағасы Биро Розалия, Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясы Комиссиясының вице-президенті, парламент депутаты Титус Корляцан және Румыния Парламентінің депутаты Михаил Албиштяну Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі рөлін жоғары бағалап, еліміздің халықаралық қоғамдастықты дамытуға қосқан лайықты үлесін атап өтті. Сонымен қатар, депутаттар Қазақстанға өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттаманың ратификациялануына байланысты қолдау білдірді. Сондай-ақ, белсенді парламентаралық диалогты қолдауға шақырды.

«ҚМГ Интернешнл» Бас директоры Бейімбет Шаяхметов компанияның табысты қызметі Қазақстан мен Румыния арасындағы жемісті экономикалық өзара іс-қимылдың жарқын айғағы болып табылатынын атап өтті.

Бухарест Сауда-өнеркәсіп палатасының Вице-президенті Юлиу Стоклоза және Қазақстанның Румыниядағы Құрметті консулы Штефан Гадола елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың жоғары әлеуетін атап өтті.

Бухарест политехникалық университетінің ректоры Михня Костою Қазақстан мен Румыния жоғары оқу орындары арасындағы белсенді ынтымақтастыққа қанағаттанушылық білдірді. Сонымен қатар, академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде румын тілі мен мәдениеті зерттелетініне назар аударды.

Дөңгелек үстел соңында қатысушылар Қазақстан-Румыния қарым-қатынастарының жай-күйі мен даму перспективалары туралы пікір алмасты. Атап айтқанда, биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткізу жоспарланған екіжақты іс-шаралардың күн тәртібін талқылады (Құрманғазы монументінің ашылуы, Қазақстанның кино және мәдениет күндерін өткізу, бизнес-форум, ғылыми-практикалық конференция ұйымдастыру және т.б.).