2026 жылғы 4 қыркүйек, Бухарест қаласы – Қазақстан Республикасының Румыниядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Амангелді Саинов Румыния Президенті Никошур Данға сенім грамоталарын тапсырып, өзінің дипломатиялық міндеттерін ресми түрде атқаруға кірісті.
Румыния Президенті Елшіні тағайындалуымен құттықтап, жауапты дипломатиялық миссиясын атқаруда табыс тіледі. Сондай-ақ Қазақстан мен Румыния арасындағы достық және сындарлы қатынастардың одан әрі дами беретініне сенім білдірді.
Өз кезегінде Елші Мемлекет басшысына Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізді. Сонымен қатар, елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауының қорытындылары туралы хабардар етіп, олардың елдің саяси жүйесін одан әрі дамытудағы маңызын атап өтті.
Кездесу барысында екіжақты қатынастардың қазіргі ахуалы мен даму перспективалары жөнінде пікір алмасу болды. Тараптар саяси диалогтың оң динамикасына тоқталып, практикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін айтарлықтай әлеует бар екенін жеткізді.
Тараптар өзара сауда мен инвестициялық ынтымақтастықты арттыру, жаңа жобаларды іске асыру, сондай-ақ көлік логистикалық байланыстарды нығайту мүмкіндіктерін талқылады. Экономикалық әріптестікті дамытуда іскерлік топтар мен өңіраралық байланыстардың маңызды рөліне назар аударылды.
Энергетика саласындағы ынтымақтастыққа және Қазақстанның Румыния мен Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосып отырған үлесіне айрықша мән берілді. Осыған байланысты қазақстандық мұнайды Еуропа нарықтарына жеткізудің және екі ел арасындағы сенімді энергетикалық әрі көлік бағыттарын одан әрі дамытудың маңыздылығы сөз болды. Сондай-ақ тараптар мәдениет, білім және ғылым салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Кездесу соңында Румыния Президенті Елшіге дипломатиялық
миссиясын табысты атқарып, жемісті жұмыс істеуіне тілектестік білдірді.